Мұндай көрсеткіш тіпті пандемияға дейін болмаған.
Биыл 300 мыңнан астам қазақстандық шет елде демалған. Мұндай көрсеткіш тіпті пандемияға дейін болмады дейді мамандар. Ішкі туризм де айтарлықтай алға басқанын айтады. Осыған байланысты ел қоржынына түсетін пайда да еселенген, деп хабарлайды ERNUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.
Елордалық Айнұр биыл 3 айдың ішінде 10- нан астам отандық демалыс орындарында болған. Оның айтуынша,бізде ішкі туризм әлсіреп тұр. Ал бағасы "шет елге барып келгеннен де жоғары" дейді.
"Мысалы, шет елде транспорттық жүйе жақсы дамыған күтіп алу қарсы алу және де анимациялық әртүрлі қызықты бағдарламалар әрқашанда дайындалып тұрады. Жетістіктерге жету үшін бізге біраз жұмыстар істеу керек. Біздің транспорттық жүйеміз, сервистік жүйеміз әлі де жақсы жұмыс істеуді қалайды", - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Айнұр Жағыпарова.
Былтыр сыртқы туризм күрт төмендеп кеткен еді. Бірақ биыл кей елдерге шекара ашылған соң, өзге жаққа демалысқа баратындар көбейген. Әсіресе, Туркия, Мысыр және Біріккен Араб әмірлігіне сұраныс жоғары дейді мамандар.
"2020 жылдың 9 айдың қорытындысын қарасақ тек қана 64 мыңнан астам туристер шет елге демалуға шыққан. Ал, енді 2021 жылы 9 айдың қорытындысын қарасақ туристердің саны 320 мыңға жетті. +тенденция бар", - дейді "ТУРИСТІК ҚАМҚОР" КҚ директоры Асылхан Есілов.
Мамандардың айтуынша,ел ішінде қыдыратындар да көбейген. Биыл туристер 70 пайызға артты дейді. Туристердің көбі Алматы, Шымкент, Жамбыл және Сарығашта орналасқан курорттық нысандарға жиі барады.Түркістанға сапарлап жатқандар тіпті көп. Осының арқасында мемлекеттік қорға 45 млрд теңгеге жуық қаражат түскен. Ал курорттық аймақтарда 59 жаңа нысан салынған.
"Бұрынғы кезде жазғы бағыт ретінде көбінесе Балқаш, Маңғыстау жағы таңылатын болса, олардың қатарына кейінгі жылдары Алакөл қосылған. Енді қазіргі кезде Алматыны көшбасшы ретінде жеке қойсақ, одан кейін өз орнын бермей келе жатқан Бурабай бар", - дейді "KAZAKH TOURISM" Ұлттық компаниясының туристік өнім дамыту департаментінің диркторы Даниел Сержанұлы.
2019 жылы 70 -тен аса мемлекеттен елімізге визасыз кіру мәселесі жоспарланған еді. Карантин салдарынан бұл жұмыс тоқтап қалды. Мамандардың айтуынша, биыл үкімет 30 елдің азаматтарына Қазақстанға визасыз кіруге рұқсат бермек.