Қарапайым оқытушы болу туралы ұсынысты қабылдадым – Асхат Аймағамбетов

0
679

Экс-министр Астанадағы беделді ЖОО-ның бірінде ұстаздық етпек.


Қарапайым оқытушы болу туралы ұсынысты қабылдадым – Асхат Аймағамбетов

ERNUR.KZ. Бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов алдағы жоспарларымен бөлісті. Экс-министр Астанадағы беделді ЖОО-ның бірінде ұстаздық етпек. Бұл туралы Асхат Аймағамбетов Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Қазір уақытымды балаларыммен өткізіп жатырмын. Олардың тәрбиесіне мән беріп, балабақша, мектепке алып барып, әкелумен айналысып жүрмін. Жуырда Астана қаласындағы ірі әрі сапалы білім беретін университеттердің бірі ұсыныс білдірді. Біраз тәжірибеңіз бар, студенттермен бөліссеңіз деді. Өзім педагог, оқытушы болғаннан кейін маған ол жақын. Қарапайым оқытушы болып, студенттермен жұмыс істеу деген ұсынысты қабылдадым. Қазір құжаттармен, яғни оқу бағдарламасымен айналысып жатырмын», - деді Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, оқытушы болудан өзге де ұсыныстар түскен.

«Жеке сектор бойынша да, басқа да түрлі ұсыныстар бар. Ұсыныстар бойынша соңғы шешімді жақында қоғамға жеткіземіз. Ағартушылықпен айналысу, балаларға тәрбие, білім беру, жинаған тәжірибемен бөлісуді қайда жүрсең де оны бірге алып жүруге болады. Өзім өскелең ұрпақпен тәжірибеммен бөлісуді жөн көріп отырмын», - деді экс-министр.