Қазір жасөспірім Ішкі істер министрлігіне марапатқа ұсынылды.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысы Қаратауда бала өліміне қатысты қылмыстың бетін ашуға 5-сынып оқушысы көмектесті, деп жазады «Хабар 24».
Жеткіншек нақты айғақты полицейлерге көрсетіп берген. Ол үйіндегі бейнебақылау камерасына түскен барлық материалды ақтарып, күдікті туралы алғашқылардың бірі болып хабарлады. Қазір жасөспірім Ішкі істер министрлігіне марапатқа ұсынылды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, ұсталған адам қайтыс болған қыздың әкесінің танысы болып шықты. Алдын ала болжам бойынша қыз оны танығандықтан, оған ілесуі мүмкін. Дегенмен оқиғаның мән-жайы жарияланбай отыр.
Арман Оразалиев, облыстық полиция департаментінің басшысы:
– Оған қатысты сотпен қамақта ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды. Яғни сотқа дейін қамаққа алынды. Қазіргі таңда барлық сараптамалар тағайындалып, жан-жақты тергеп, тексеру амалдары жүргізілуде. Біз аса ауыр қылмысты ашуда өзіндік үлесін қосып, белсенділік танытқан барлық азаматтарға, соның ішінде Аруайдың сыныптастарына шын жүректен алғысымды білдіремін.