Қаражат заңсыз алынған: Елордалықтар автотұрақтарға төлеген ақшасын қайтара алады

0
576

​Нұр-Сұлтан тұрғындары автотұрақ ақысын тек Нұржол бульварында төлеуі тиіс.


Қаражат заңсыз алынған: Елордалықтар автотұрақтарға төлеген ақшасын қайтара алады

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан тұрғындарына "Нұржол" бульварынан басқа, қала көшелері мен жол желісі бойында орнатылған "Парковочное пространство Астаны" ЖШС-нің автотұрақтары үшін төлем жасаудың қажеті жоқ. Ал бұған дейін көпшілікке арналған тегін автотұрақ үшін төлем жасағандар ақшасын қайтарып алады. Қаражатты қайтару мерзімі туралы кейінірек белгілі болады, деп хабарлады елорда әкімдігінің сайты.

"Парковочное пространство Астаны" ұйымының паркоматтары жұмыс істемеуі тиіс керек екенін хабарлаймыз. Олар ресми рұқсат алмаған. Азаматтарға Нұржол бульварынан басқа орындарға ақы төлеудің қажеті жоқ", - дейді көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Марат Есіркепов.

Оның айтуынша, паркоматтарды пайдалануға рұқсат алынбағандықтан, қалалық бюджетке қаражат түспеген.

"Ал адамдар серіктестіктің рұқсат етілмеген паркоматтарына ақша төлеген кезде ақша серіктестіктің өзіне аударылған", - деп түсіндірді бөлім басшысы.

Көлік басқармасы мемлекеттік кірістер департаментіне "Парковочное пространство Астаны" ЖШС-на қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылдау мақсатында хат жолдады.

"Қазіргі уақытта біз мемлекеттік кірістер департаментінің шешімін күтіп отырмыз, жауап алғаннан кейін төлем қарастырылмаған тұрақ орындары үшін алынған қаражатты қайтару механизмі туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады", - деп түйіндеді Есіркепов.

Нұр-Сұлтан әкімдігі келісімшарттық міндеттемелерді орындамағаны және талаптарды елемегені үшін "Парковочное пространство Астаны" ЖШС-мен келісімшартты бұзу туралы сотқа арыз берген.

Жабдықты бөлшектеу қажеттілігі туралы серіктестікке бірнеше рет хабарлама жіберілді, өтініштер еленбеген.