Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларын қамауда ұстау мерзімі ұзартылды – ҰҚК

0
485

​Тергеу органдары ҰҚК-нің бұрынғы басшылары жасаған қылмыстардың ауырлығын ескере отырып, күдіктілерді қамауда ұстау туралы шешім қабылдады.


Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларын қамауда ұстау мерзімі ұзартылды – ҰҚК

ERNUR.KZ. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовті қамауға алу мерзімі бір айға ұзартылды, деп жазады sputnik.kz.

ҰҚК баспасөз қызметінің хабарлауынша, Кәрім Мәсімов пен Әнуар Садықұловты қамауда ұстау мерзімі 6 маусымға дейін, ал Дәулет Ерғожинді қамау мерзімі 13 маусымға дейін ұзартылды.
"ҰҚК-нің жедел тергеу тобы Мәсімов, Садықұлов, Ерғожин және басқа да тұлғаларға қатысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 175-бабы 1-бөлігі, 179-бабы 3-бөлігі, 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы, 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы, 366-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр", - делінген ҰҚК-нің мәліметінде.
Сондай-ақ ҰҚК төрағаның экс-орынбасары Марат Осиповты қамауға алу мерзімі 2022 жылдың 22 мамырына дейін ұзартылғанын хабарлады.
"Жасалған қылмыстардың мән-жайы мен ауырлығын, сондай-ақ бұл адамдар істі объективті тергеуге кедергі келтіруі мүмкін деп пайымдауға жеткілікті негіздердің болуын ескере отырып, қамауда ұстау бұлтартпау шарасын қолдану және кейіннен ұзарту туралы шешім қабылданды", - делінген комитеттің хабарламасында.
Айта кетері, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 151-бабына сәйкес, аталған қылмыс санаттары бойынша қамауға ұстау мерзімі 18 айдан аспауы керек.
Еске сала кетейік, 6 қаңтарда ҰҚК мемлекеттік опасыздық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады – Кәрім Мәсімов пен оның Самат Әбіштен басқа барлық орынбасары ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.