Қарыз бен кредит қазақстандықтардың қалтасына салмақ түсірмеген – зерттеу

0
535

Елдегі он тұрғынның тоғызында төлем мәселесі туындамаған немесе кредиті жоқ.


Қарыз бен кредит қазақстандықтардың қалтасына салмақ түсірмеген – зерттеу

ERNUR.KZ. Коронавирус пандемиясына қарамастан тұрғындардың табысы төмендемеген, деп жазады inbusiness.kz.

2021 жылғы екінші тоқсанда қазақстандықтардың табысы жан басына шаққанда 205,5 мың теңге болды, бір жылда плюс 12,6%. Бұл кезеңде жылдық инфляция 7,5% деңгейінде болғанын ескерсек, мұндай өсім төлем қабілетінің артқанын көрсетеді.

Сондай-ақ жан басына шаққанда тұтыну көрсеткіші орташа есеппен – 202 мың теңге. Бұл өткен жылдың осы тоқсанымен салыстырғанда 17,9% жоғары. Мысалы, 2020 жылы қазақстандықтардың табысы 182,5 мың теңге болды, бір жылда плюс 7,6%. Тұтыну көрсеткіші – 171,3 мың теңге, 2019 жылмен салыстырғанда 4,7% жоғары (инфляция 6,8%). Осылайша, биыл халықтың табысы артқан.

Нәтижесінде тұрғындардың төлем қабілеті де өсіп, тұтынушылық тәбеті де жақсарған. Ұлттық статистика бюросының үйлер арасында жүргізген зерттеуіне сәйкес, «коронадағдарысқа» қарамастан осы жылы қазақстандықтардың 40,2% қаржылық жағдайына толық, 56,3% жартылай қанағаттанатынын айтқан.

Сондай-ақ тұрғындардың 0,6% қаржылық жағдайына көңілі толмайтынын, тағы 2,9% жауап беруге қиналатынын жеткізген. Отбасындағы экономикалық жағдайға респонденттердің 44,1% көңілі толатынын, ал 52,8% салыстырмалы түрде жағдай жақсы екенін айтқан. Сонымен қатар сұраққа жауап бергендердің 1,1% экономикалық тұрғыда жағдайына қанағаттанбайтынын, тағы 2% жауап беруге қиналатынын атап өткен. Респонденттердің 88% материалдық жағдайын орташа және жоғары деп бағалаған.

Тұрғындардың 4,6% өздерін салыстырмалы түрде ауқатты, тек 0,8% өте ауқатты деп санайды. Респонденттердің үштен екісі орта тап өкілдері, ал 0,4% өздерін аз қамтылғандар қатарына қосқан. Биыл қазақстандықтардың 60,5% әл-ауқатымыз өскен, ал 33% жағдайымыз жақсарған деп есептейді. Респонденттердің 6,5% әл-ауқатының нашарлағанына шағымданған.

Ел тұрғындарының тұтыну шығынына тоқталайық, мұнда 93% тұтыну шығынының үлесінде – жан басына шаққанда 183,2 мың теңге, бір жылда плюс 18,6%.Оның 105,6 мың теңгесі азық-түлік тауарларына, 45,2 мың теңгесі азық-түлік емес тауарларына, 32,4 мың теңгесі ақылы қызметтерге жұмсалды.

Шығынның арасында кредит пен қарыздың үлесі айтарлықтай өспеген – бір жылда плюс 14,5%, 10,2 мың теңгеге дейін. Мысалы, салық және осыған ұқсас төлемдер бір жылда 47,5%, материалды көмек және алимент 25,3% өскен. Жалпы қарыз бен кредит қазақстандықтардың қалтасына айтарлықтай салмақ түсірмеген.

Ұлттық статистика бюросы жүргізген жоғарыдағы зерттеуге сәйкес, соңғы 12 айда респонденттердің үштен екісі (62,8%) ақшаның жетіспеушілігі немесе қандай да бір себептермен қарыз бен кредитті төлей алмау жағдайына бірде-бір рет тап болмаған.

Сонымен қатар халықтың 26,9% кредит пен қарыз мәселесі өзекті емес екенін, тағы 6,9% кредит пен қарызды төлей алмау мәселесін бір рет басынан өткерсе, респонденттердің 3,4% бір жылда 2 рет осындай қиындықпен бетпе-бет келгенін айтқан. 2021 жылғы екінші тоқсанда қазақстандықтардың кредиті мен қарызын өтеуге барлық табыстың 5,2% жұмсалған, өткен жылғы көрсеткіш – 5,4%. Он жылда бұл көрсеткіш өзгермеген – 4-5% шамасында.

Мысалы, Ресейде аталған көрсеткіш – 11,7%. Ұлттық статистика бюросының зерттеуі Ұлттық банктің талдауымен расталып отыр. Мысалы, биыл тұтынушылық кредит үлесі – 58,9% (өткен жылғы көрсеткіш – 60,6%), тұрғындардың үй салуға және сатып алуға алған кредиті, яғни ипотекалық қарызы – 31,8% (өткен жылғы көрсеткіш – 31%), басқа да бөлшек кредит – 9,4% (өткен жылғы көрсеткіш – 8,4%).

Бөлшек кредиттің өсуі аясында портфель сапасы барлық бағыт бойынша жақсарған. Мысалы, 2021 жылғы қыркүйекте жеке тұлғалардың мерзімі өткен кредиті жалпы қарыздың 3,3% тең болды, тұтынушылық кредит сегменті – 3,7%, ипотекалық қарыз – 1,5%, өзге де бөлшек кредит – 6,6%.

Осылайша, тұтынушылық кредит көлемінің өсуі халықтың төлем қабілетін арттырады, бұл дағдарыс кезінде маңызды. Сондай-ақ ипотекалық кредит тұрғындарды үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бөлшек кредит портфелінің сапасын растайды: кредит қазақстандықтардың қалтасына салмақ түсірмейді, олар бойынша төлем тұрақты болады.