Әзербайжан Президенті биыл екі елдің қарым-қатынасы жемісті болатынына сенімді екенін айтты.
Бүгін Мюнхен қаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Сізді Мюнхенде көргеніме қуаныштымын. Біз бұған дейін де кездескен едік. Енді екі ел арасындағы байланысқа келер болсақ, шынымен үлкен істер атқарылды. Бәрін басынан бастауға тура келді, бірақ өзара қарым-қатынас бойынша жақсы жетістіктерге қол жеткіздік. Бұл ынтымақтастықтың негізін Нұрсұлтан Назарбаев пен Гейдар Әлиев қалаған болатын. Мен кезінде Сыртқы істер министрі ретінде осы ынтымақтастықты нығайтудың куәсі болдым, қатыстым да. Қазақстан Әзербайжанмен бауырлас ел ретінде байланысты бағалайды. Біз Каспий арқылы көрші елдерміз. Ақтауда қол қойылған Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция үлкен әріптестіктің бастауы болды деп сенеміз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сізді біздің елге кез келген қолайлы уақытта сапарлап келуге шақырамын. Біз талқылайтын әрі шешетін көп сұрақтар бар», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Әзербайжан Президенті биыл екі елдің қарым-қатынасы жемісті болатынына сенімді екенін атап өтті.
«Көптеген бірлескен жобалар іске асырылуда. 2020 жыл да екі елдің байланысы үшін табысты болады деген сенімдемін. Тауар айналымын арттыруды көздеп отырмыз, сондай-ақ транспорт, туризм саласындағы серіктестіктің әлеуеті зор. Екі ел арасында тығыз байланыс орнаған», - деді Ильхам Әлиев.
Сонымен қатар ол Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылуы маңызды оқиға екенін, бұл тұрғыда Каспий жағалауындағы елдер үшін тиімді негіз қаланғанын атап өтті.
«Біздің бағытымыз дұрыс. Екі ел арасындағы бауырластық байланыс беки түседі деп сенеміз», - деді Әзербайжан Президенті.