Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасады

0
955

Мемлекет басшысының үндеуі телеарналардың эфирінен таратылды.​


Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорадағ сілтеме жасап.

"Баршаңызға мәлім, қазір бүкіл әлем өте күрделі ахуалды бастан өткеруде. Дүние жүзін коронавирустың таралуы алаңдатып отыр. Бұл індет күннен-күнге ушығып барады. Өкінішке қарай, осы дерт біздің елімізде де тіркелді. Менің кешегі Жарлығыммен бүгін таңғы сағат 08.00-ден бастап Қазақстанның аумағында төтенше жағдай енгізілді. Төтенше жағдай режимі 30 тәулікке созылады" - деді Тоқаев.

Сондай-ақ, Тоқаев Қазақстан азаматтарына отбасылық іс-шараларды өткізбеген жөн екенін, қоғамдық тәртіп қатаң бақылауға алынатынын ескертті.

"Сақтанғанды Құдай сақтайды. Бұл індетпен күресуге толық мүмкіндігіміз бар екенін баса айтқым келеді. Бұл қиындықты бәріміз бір халық, бір қоғам болып міндетті түрде еңсеріп шығамыз. Бұл – уақытша дүрбелең. Осы дағдарыстан абыроймен өтуіміз керек! Енгізілген шектеулерге әр азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әр адам барынша сақтанып, вирустың таралмауына атсалысуы қажет. Еліміздің барлық азаматтары өкілетті органдардың қызметіне қолғабыс көрсетеді деп сенемін. Осындай кезде бәріміз сабыр сақтап, тәртіпке бағынуымыз керек", - деді президент.

Мемлекет абсшысы дерттің алғашқы белгілері пайда болған жағдайда бірден тұрғылықты жердегі дәрігерге қаралу қажет екенін айтты.

"Осы орайда, азық-түлік қоры жеткілікті екеніне назар аударғым келеді. Күнделікті тұтынатын тауар бағасын негізсіз қымбаттатуға жол берілмейді. Біз ел-жұртты дүрліктіретін, арандататын әрекеттерге тыйым саламыз. Жалған ақпарат таратып, дүрбелең туғызатындар заңға сәйкес жауапқа тартылады. Бұқаралық ақпарат құралдары, интернет-ресурстар тек ресми мәліметтерге сүйеніп, жұмыс істеуі керек. Біз осы жаһандық кеселге қарсы тұру үшін күш-жігеріміздің мықты екенін көрсетуіміз қажет. Татулық пен тұтастықтың арқасында кез-келген қиындықтан шығуға болады. Сондықтан, бәріміз бір адамдай жұмылып, қауіпті індетпен күресуіміз қажет, - деді ел президенті.