Тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің түрлі аспектілерін талқылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттердің бейресми саммиті аясында Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесу өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
Тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің түрлі аспектілерін талқылады. Мемлекеттер басшылары екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың дамуына көңілдері толатынын айтты. Сондай-ақ білім беру, цифрландыру, энергетика және басқа да салалардағы ықпалдастықты нығайту қажеттігін атап өтті.
"Білім беру саласындағы келісім – өте маңызды. МФТИ және Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті сияқты Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарында мамандар даярлауға ниеттіміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Владимир Путин Қазақстан Президентін келесі жылдың басында Ресейге сапармен келуге шақырды.