Қазақстан Президенті түрікмен көшбасшысына қонақжайлылығы үшін ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы өзара сенім мен ашықтыққа құрылған саяси түсіністіктің жоғары екенін атап айтты.
Қазақстан Президенті түрікмен көшбасшысына қонақжайлылығы үшін ризашылығын білдіріп, оның қазақ-түрікмен қарым-қатынасына қосқан үлесіне тоқталды.
"Киелі түрікмен жеріне табаным тиген алғашқы сәттерден бастап маған көрсеткен құрметіңізге ризамын. Өзінің әсемдігімен көз тартатын Ашхабад қаласына тағы келгеніме қуаныштымын. Менімен бірге үлкен делегация келді. Біздің көптеген перспективалы жобаларымыз бар. Елдеріміз арасындағы әріптестік өте жоғары деңгейде дамып келеді деп ойлаймын. Бұл тұрғыда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен өзіңіздің үлестеріңіз зор"– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекеттер басшылары екіжақты кездесудің күн тәртібіндегі аймақтағы жағдай, әртүрлі халықаралық формат шеңберіндегі өзара іс-қимылдар секілді ауқымды мәселелер талқылады.