Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президентіне көңіл айтты

0
845

Президент Қазақстанның Түркияға тиісті көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.


Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президентіне көңіл айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның оңтүстік-шығысында көптеген адам шығынына әкеп соқтырған жер сілкінісіне байланысты осы елдің Президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

«Түркия Республикасында болған аса күшті жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Осындай қиын сәтте жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бүкіл түрік ағайындарымыздың ауыр қайғыларына ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын», – деп жазылған жеделхатта.

Сонымен қатар Президент Қазақстанның Түркияға тиісті көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Бұған дейін хабарланғандай,Түркияның оңтүстік-шығысында 7,4 магнитудасына дейін үш рет жер сілкінді. 7,4 балдық ең қуатты жерасты дүмпуі Кахраманмараш провинциясындағы Пазарджик ауданында жергілікті уақыт бойынша 04:17-де, 7 км тереңдікте болды. Содан кейін әртүрлі аймақтарда - Адана, Анкара, Анталья, Газиантеп, Кайсери, Мерсин, Трабзон, Урфада жарты сағат бойы жер сілкінген.

Қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат толықтырылып жатыр.