Тиісті жиһазбен қамтамасыз ету мәселесін қалалық әкімдік шешетін болды.
ERNUR.KZ. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бесжұлдызды Rаmada Plaza қонақ үйінің Астана қаласы ІІД-ге қалай берілгенін түсіндірді, деп жазады Baq.kz.
«Алғашында ғимарат ҚР Президенті Іс-басқармасына тиесілі болды. Яғни республикалық меншікте. Кейін ол Астана әкімдігінің коммуналды меншігіне берілді. Әкімдік оны ішкі істер департаментіне берді», - деді министр Мәжіліс отырысынан шыққан соң журналистерге.
Сондай-ақ Қалмұханбет Қасымов осы уақытқа дейін ІІД-нің 7 ғимаратта отырғанын айта келе, бұл полиция жұмысына кедергі келтіретінін жеткізді.
«Ішкі істер департаменті 7 ғимаратта отыр. Сіз елістете аласыз ба? Анықтау басқармасының бастығы бір мекемеде, жол полициясы мен жергілікті полиция үшінші ғимаратта, күзет қызметі басқармасы төртінші ғимаратта, көші-қон басқармасы бесінші мекемеде отыр. Ал олардың жедел әрекет ету орталығы ІІМ-нің ғимаратында. Ішкі істер департаментінің басшысы аталған басқармалардың басшыларын қалай жинайды? Енді олардың барлығы бір ғимаратта отырады», - деді басшы.
Осы орайда министр бұрынғы бесжұлдызды қонақ үйде жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді.
«Ғимаратта полицияның жеке құрамын дайындау үшін арнайы залды қалдырамыз. Тиісті өзгерісті жүргіземіз. Ғимаратқа кіріп қараңыздар, олар жакузилерді алып кетті. Енді нөмерлерді кабинет жасау керек», - деді Қалмұханбет Қасымов.
Сонымен қатар басшы ішкі істер департаменті тиісті жиһазбен қамтамасыз ету мәселесін қалалық әкімдік шешетінін атап өтті.
Айта кетейік, осыған дейін Астана қаласы Ішкі істер департаменті жаңа ғимаратқа көшкенін жазғанбыз.