«Қазақ батырлары» лондондықтарды таңғалдырды

0
4 598

Трафальгар алаңына ағылған туристердің назары алаңның ажарын ашып тұрған Адмирал Нельсонның мүсінінен гөрі қазақ батырларына ауысты.


«Қазақ батырлары» лондондықтарды таңғалдырды

ERNUR.KZ. Ежелгі жаугергер киімін киіп, қару-жарақтарын асынған қазақ жігіттері Лондон тұрғындарын таңғалдырды, деп жазады ҚазАқпарат.

Трафальгар алаңына ағылған туристердің назары алаңның ажарын ашып тұрған Адмирал Нельсонның мүсінінен гөрі қазақ батырларына ауысты.

Бойлары 2 метрден асатын жігіттермен олар жарыса суретке түсті. Батырлардың флеш-мобы Елизавета ІІ-ші ханшайымның лондондық ресми резиденциясы алдында жалғасты.


«Мен АҚШ-тың Мичиган штатындағы Детройт қаласынанмын. Бүгін Біріккен Корольдікке келіп, аз-маз бос уақыт табылған соң Букингем сарайына достарымызбен бас сұққанбыз. Біз үшін бұл жәй сәйкестік емес, одан да асқан дүние - батырлармен суретке түсу, олардың шеруін көру, қуанышына ортақтасу. Осы тарихи сәттің бір бөлігі болу мен үшін үлкен бақыт», - дейді туристердің бірі Джон Ликари.

«Орда» этно-жобасы аясында Думан, Бектөре, Елуар және Олжас есімді жігіттер екі жылдан бері қазақтың салт-дәстүрлері мен ұлттық киімдерін әлем елдері арасында насихаттап келеді.

«Бұл жаққа келудегі мақсатымыз ұлттық киімдерімізді шетелдіктерге көрсету, қазақтың көне ғасырлық тарихын таныту. Ежелгі ата-бабаларымыздың жаугершілік заманда киген ұлттық нақыштағы киімдерін насихаттау»- дейді «Орда» этно-жобасы қатысушысы Думан Әмин.