«Қазақ күресі» мектептерде пән ретінде енгізілуі мүмкін

0
2 757

1-4 сыныптарға қазақ күресінен акробатика ретінде, ал 5-11 сынып оқушылары арасында арнайы пән ретінде өткізіледі деп жоспарлануда


«Қазақ күресі» мектептерде пән ретінде енгізілуі мүмкін

ERNUR.KZ. Бұл туралы Маңғыстау облыстық «Қоғамдық коммуникация орталығында» өткен брифингте ҚР Қазақ күресі федерациясының бас хатшысы Бақдаулет Сәбитов мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Жас өспірімдер арасында осы Қазақ күресінен біріншіліктің алғаш рет Ақтау қаласында өтуі, оған қолдау тапқаны қуантады. Өйткені, жылдан жылға ата-аналар тарапынан қазақ күресіне деген қызығушылық артып келеді. Осыған орай, жаңа оқу жылынан бастап осы спорт түрін мектептерде пән ретінде енгізуді жоспарлап отырмыз. Алдымен, Нұр-Сұлтан қаласы мен Маңғыстау облысында пилоттық жоба ретінде іске асырылады. Бағдарламасы әзірленіп, мамандар даярлау барысы қолға алынды», - деді ҚР Қазақ күресі федерациясының бас хатшысы Бақдаулет Сәбитов.

Осы бағытта жылдың соңына дейін Қазақ күресі академиясы құрылып, мамандар дайындау жұмыстары жүргізілмек. 1-4 сыныптарға қазақ күресінен акробатика ретінде, ал 5-11 сынып оқушылары арасында арнайы пән ретінде өткізіледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, қыз балалар да осы спорт түрімен айналысуға мүмкіндіктер жасалған.

«Осындай беделді жарыстарды өлкемізде өткізу арқылы қазақ күресінің облысымызда қарқынды дамуына ерекше екпін береміз», - дейді ұйымдастырушылар.