Қазақ қызы Мексикадан Канадаға дейін жаяу жүріп өтті

0
1 135

Отандасымыз Мексика шекарасынан Канадаға дейінгі шөлейтті, биік таулы әрі жабайы жануарлары көп аралықты 4,5 айда жүріп өткен.


Қазақ қызы Мексикадан Канадаға дейін жаяу жүріп өтті

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Әйгерім Әлімова 4270 шақырымдық Тынық мұхиты жотасын (Pacific Crest Trail - PCT) жаяу жүріп өтті, деп жазады baq.kz.

Отандасымыз Мексика шекарасынан Канадаға дейінгі шөлейтті, биік таулы әрі жабайы жануарлары көп аралықты 4,5 айда жүріп өткен.

Алғаш Тынық мұхиты жолы жайлы америкалық жазушы Шерил Стрэйдтің автобиографиясы бойынша түсірілген «Жабайы» фильмінен білдім.

Қауіпті саяхат өзіңізді табудың жолы іспетті. Бұл фильм маған қатты ұнады, өйткені бас кейіпкер екеуіміздің жолымыз ұқсас болды,-дейді Ә. Әлімова.

Кейін ол осындай саяхатты жалғыз өзім еңсере аламын ба деп көп ойланған.

Ол кезде заңгер болып жұмыс істейтін едім. Бір күні үйге келіп, жұмыстан шығамын да велосипедпен саяхаттауға шығамын деп айттым. Басында жақындарым олай істеме деп мені райцымнан қайтарғылары келді, бірақ соңында мені қолдады. Жұмыстан шыққан кезімде құрбым АҚШ-қа бару үшін грин-картаға өтінім берді. Бұл идеяға бастапқыда мән бермедім, кейін мен де өтінім берді, бірақ бұл қадам өмірімді 360 градусқа өзгертеді деп ойламадым,-дейді саяхатшы.

Әйгерім жұмыстан шыққан соң велосипедпен саяхаттауға аттанып, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Армения, Түркия және Қазақстанның жарты бөлігін аралап шыққан.

2018 жылы АҚШ-қа грин-картаны ұтып алдым. Ал, 2019 жылы шуақты Калифорнияға қоныс аудардым. 2020 жылдың басында Тынық мұхиты жолымен жүріп өтуді жоспарладым, алайда пандемия басталып, саяхатты 2021 жылға қалдыруға тура келді,-дейді ол.

Саяхат барысында ол шөлейтті және мұзды қыраттарды басып өткенін, жол жөнекей жабайы аңдарға тап болғанын айтады.

Жолға шыққанда жабайы аңдар шықпай-ақ қойса екен деп тіледім. Алайда 600 шақырым жол жүрген соң қоңыр аюмен кездестім. Жолға шықпас бұрын аңдарды көрсең қозғалма деген кеңес алғанмын. Дегенмен маған қарағанда аю қатты қорыққан сияқты көрінді. Кейін орманда жалғыз аяқ жолмен келе жатқанымда кенеттен алдымнан қара аю шыға келді. Үнсіз тұра қалдым, ол келіп мені иіскеледі де, өз жөніне кетті,-дейді Әйгерім.

Сондай-ақ жол-жөнекей кездескен жолаушылар Қазақстаннан келген саяхатшыны алғаш көргендерін айтыпты.

Саяхат кезінде 4500 метрлі тауларды басып өту қиын болды. Оған бір күн уақытың кетеді. Жалпы 4,5 ай жүргенде оның 20-25 күні елдімекендерге тұрақтауға кетті. Яғни, демалып, қажетті азық-түлік пен су алу үшін тоқтап отырдым. Жол бойында 100-110 күнім кетті,-дейді жас саяхатшы.