Қазақ тілін үйренемін: ​«Meta» компаниясының басқарушы директоры Джордж Чен

0
753

Дархан Қуандықұлы қазақ тілі Қазақстанда ғана емес, әлемнің бірнеше елінде кең қолданысқа ие екенін ескеріп, Instagram желісінің қазақ тіліндегі интерфейсін жасау мәселесін көтерді.


Қазақ тілін үйренемін: ​«Meta» компаниясының басқарушы директоры Джордж Чен

«Meta» компаниясының мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі басқарушы директоры Джордж Чен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлімен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлімен кездескен «Meta» компаниясының мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі басқарушы директоры Джордж Чен «Қазақ тілінің маңыздылығын сеземін. Болашақта көп достар табу үшін қазақ тілін үйренемін деп үміттенемін», - деді.

Дархан Қуандықұлы қазақ тілі Қазақстанда ғана емес, әлемнің бірнеше елінде кең қолданысқа ие екенін ескеріп, Instagram желісінің қазақ тіліндегі интерфейсін жасау мәселесін көтерді.
«Бұл қолданушылардың инстаграмды қазақ тілінде пайдалануына мүмкіндік береді», - деді ол.
Соған байланысты Meta family қосымшаларының қазақ тіліндегі интерфейсін жасау және оны жетілдіру қажеттігін атап өтті. «Бұл біздің азаматтар ғана емес, басқа да елдегі қазақтілді қауымның да Facebook пен Instagram қосымшаларын қазақ тілінде қолдануына мүмкіндік береді», - деді министр.
Өз кезегінде Джордж Чен, әсіресе, балаларға арналған онлайн қауіпсіздік саласында ынтымақтаса жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті. Сондай-ақ Meta мен Қазақстан Үкіметі түрлі салалардағы өзара іс-әрекет пен әріптестікті нығайта алады деп сенім білдірді. Meta компаниясы Қазақстандағы өкілін тағайындағалы жатқанын мәлімдеді.
Дархан Қыдырәлі Джордж Ченді жуырда өтетін Astana Media Week және Central Asian Media Forumға шақырды. Сондай-ақ министрдің Meta тарапына жергілікті баспасөз хатшылары үшін әлеуметтік медиа бойынша арнайы тренингтер өткізу ұсынысы қолдау тапты. Meta компаниясынан Facebook пен Instagram бойынша кәсіби жаттықтырушылар келеді.
Сонымен бірге тараптар балалар контенті мәселелері бойынша өзара жұмыс істеуге және цифрлық медиасауаттылық туралы арнайы бағдарлама жасауға келісті.