Қазақстан +7 халықаралық кодын сақтап қалуы мүмкін: Ресеймен келіссөз жоспарлануда

0
442

​Ресеймен ортақ телефон кодын пайдалану туралы келісім Қазақстанды контрагенттің ықтимал әрекеттерінен мүлде қорғамайды.


Қазақстан +7 халықаралық кодын сақтап қалуы мүмкін: Ресеймен келіссөз жоспарлануда

ERNUR.KZ. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында ведомство неге жаңа +997 телефон кодына көшуге бел буғанын айтты, деп жазады sputnik.kz.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан мүлде нөмірлеу аймағынсыз қалуы да мүмкін. Өйткені Ресеймен ортақ телефон кодын пайдалану туралы келісім біздің елді контрагенттің ықтимал әрекеттерінен қорғамайды.



"2006 жылдың 17 маусымында жетінші нөмірлеу аймағын бірлесіп пайдалану туралы келісім бекітілді. Келісімді толығымен ресейлік сарапшылар әзірледі. Бұл құжаттың 11-бабында тараптардың бірінің өтінішімен шартты бұзу туралы хабарландырудан кейін алты ай ішінде қолданыстағы келісім бұзылуы мүмкін екені айтылған. Бұл жерде мынаны түсіну маңызды: жетінші аймақты бірлесіп пайдалану туралы келісім Қазақстан мен Ресей байланыс әкімшілігінің арасындағы шарт. Ол үкіметаралық құжат емес. Яғни, халықаралық құқықта бұл келісім мойындалмайды", - деп түсіндірді Оразбек.

Сол себепті цифрлық даму министрлігі Қазақстанға 997 кодын бекіту үшін Халықаралық электр байланыс одағына жүгінген.

"Біз барлық оператормен пысықтадық, олардан елдің жаңа кодына ауысу жұмысын жүргізе алатыны туралы ресми хат алдық. Былайша айтқанда, біз серіктес тарапынан жасалуы мүмкін қадамның ықтимал салдарының алдын алдық", - деп атап өтті вице-министр.

Десе де, Оразбек Қазақстанға жаңа код белгіленсе де, мемлекет жетінші нөмірлеу аймағында қалуы мүмкін екенін атап өтті. Бұл мәселеге қатысты Ресеймен келіссөздер жоспарланған. Бірақ бұл жолы Қазақстанның ұстанымы берік, өйткені елдің өз коды бар.

Еске салсақ, осы жылдың қыркүйегінде Халықаралық электр байланыс одағы Қазақстанға жаңа +997 дэф кодын белгілегені хабарланды. Цифрлық даму министрлігінен мәлімдегендей, Қазақстан жаңа ұлттық кодқа 2023 жылдың қаңтарынан ауысады деп жоспарлануда. Одан кейінгі екі жылда жаңа және ескі кодты қатар қолдана беруге болады. Мемлекет жаңа кодқа 2025 жылдан бастап біржола ауысады.