Қазақстан астанасы Дүниежүзілік тоқыма тоқу күнін мерекелеуге қатысады

0
4 770

16 маусымда елордалық Орталық саябақта Халықаралық тоқу күніне орайластырылған фестиваль өтеді.


Қазақстан астанасы Дүниежүзілік тоқыма тоқу күнін мерекелеуге қатысады

фото: ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. 2005 жылы Парижде бастау алған, тоқумен айналысатын адамдарға қолдау көрсетуге бағытталған бұл шараға Нұр-Сұлтан қаласы екінші рет атсалыспақ, деп жазады ҚазАқпарат.

Бүгінде аталмыш шара әлемнің көптеген мемлекеттерінде жыл сайын аталып өтеді. Тоқумен айналысатын адамдарға қолдау көрсетуге бағытталған шара Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт қаласының басқармасымен ұйымдастырылады және пикник түрінде өтеді. Өткізу уақыты - сағат 15:00-18:00.

Фестивальге бізбен және ілгекпен тоқи алатын, тоқуды үйренгісі келетін елорда тұрғындары мен қонақтары шақырылады. Тоқу өнерін енді ғана меңгеретін жандар үшін тоқу, иіру және киіз басудан тегін шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Шара балалар үшін де, ересектер үшін де бірдей қызықты болады.

Бұдан басқа, шара барысында қонақтар ашық аспан астында өтетін йога және самба-jumping сабақтарына қатыса алады. Алаңда кітап оқуға құмар жандар үшін әткеншектер орнатылады, селфи жасауға арналған аймақтар жасалады, түрлі конкурстар мен концерттік бағдарлама өткізіледі.

Шараға мүмкіндігі шектеулі жандарды және психоәлеуметтік дамуы бұзылғандарды тартуға баса назар аударылады. Фестивальдің негізін қалаушы Рахима Мукушеваның «Bergen» шеберханасында бүгінде 14 адам еңбек етеді, оның ішінде 11-і - халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады. Тоқу арқылы олар ақша тауып, ниеттес адамдармен қарым-қатынас орнатады. Қолөнер терапия іспетті адамның жанын тыныштандырып, қиындықтарды еңсеруге көмектеседі.

Айта кетейік, Тоқу фестиваліне қатысушылар қайырымдылық шараға да үлес қосады. Олар мерзімінен бұрын туған сәбилерге киім тоқиды және өз қолдарымен жасаған бұйымдарын онкологиялық ауруларға шалдыққан балаларға тарту ете алады. Шеберлік сыныптары барысында қолөнершілер өлшемі 15*15 см құрайтын түрлі түсті шаршылар тоқып, оларды бір-біріне қосып, үлкен жамылғылар жасайды. Бұл бұйымдар да перзентханаларға табысталады.

Адамдар көп уақытын планшет пен компьютердің алдында өткізетін бұл заманда тоқу фестивалі сынды шаралардың әлеуметтік маңыздылығы өте зор. Оған қатысушылар тоқудың негізгі дағдыларын меңгеріп, оны ары қарай дамыта алады. Көпшілік алдында тоқу АҚШ, Англия, Франция, Швеция, Финляндия, Норвегия, Эстония және басқа да мемлекеттерде кеңінен насихатталады.