Көмір өндіру – 4,7%-ке, мұнай өндіру 1,7%-ке төмендеді.
ERNUR.KZ. Жыл басынан бері Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 3,9%-ке өсті. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
"Биылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,9%-ті құрады. Оның ішінде нақты сектор – 3,8%-ке, ал қызмет көрсету саласы 3,5%-ке өсті. Салалар арасында ең жоғары өсімді құрылыс, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі көрсетті", – деді Байбазаров үкімет отырысында.
Айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 0,6%-ті құрады.
Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылы сыртқы сауда тауар айналымы 3,2%-ке өсіп, 140 млрд долларға жуықтады. Экспорт 79 млрд долларға жақындады, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 25 млрд доллардан асады. Тауар импорты 61 млрд доллардан асты. Жалпы, оң сауда балансы 18 млрд долларға жуық.
Министрдің айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде де оң өсім сақталып отыр. Өндіріс көлемі 6,9%-ке өсті. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісі 18%-ке, оның ішінде автомобиль жасау – 30%-ке және электр жабдықтарын жасау 44%-тен астамға өсті.
Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 0,2%-ке жоғарылады. Бұл ретте тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 6,2%-ке, металл кендерін өндіру – 6,1%-ке, газ өндіру – 0,5%-ке, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 3,3%-ке артты.
Көмір өндіру – 4,7%-ке, мұнай өндіру 1,7%-ке төмендеді.