"Қазақстан" кенішіндегі жағдай жақсарған жоқ

0
629

Учаскені гипс жалғастырғышпен бітеп тастамақ.


Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 22 тамыз сағат 8:00-дегі жағдай бойынша, төтенше жағдайдағы өрттің қарқыны төмендемеді, жағдайдың жақсаруы байқалмайды, деп жазады kaz.zakon.kz.

Осыған байланысты апаттық учаскені гипс жалғастырғышпен оқшаулау туралы шешім қабылданды. Қазір өрт ауыздықталып жатыр.

"Осыған байланысты шахтадағы апатты жою жөніндегі штаб басшылығы апаттық учаскені гипс жалғастырғыш орнатып, оқшаулау туралы шешім қабылдады. Оларды орнататын орындар анықталып, материалдар жеткізілу басталды. Содан кейін барлық күш-жігерді төтенше жағдай учаскесін оқшаулауға бағыттау жоспарланып отыр". ҚР ТЖМ

Қайғылы жағдайдың себебін анықтауы тиіс арнайы комиссия әлі жұмысқа кірісе алмай отыр. "Қазақстан" шахтасында 5 күннен бері өрт әлі жалғасып жатыр. Соған байланысты температура жоғары және көзге түк көрінбейді.

17 тамызда Қарағанды облысындағы "АрселорМиттал Теміртау" АҚ "Қазақстан" шахтасында өрт шықты: конвейер лентасы өртенді. Жер бетіне 222 кенші шығарылды. Тағы бес кенші жер астында қалды: түк көрінбегендіктен оларды шығару мүмкін болмады.

Бұған дейін "Қазақстан" кенішіндегі соңғы тексеру кезінде қанша заң бұзушылық анықталғаны, зардап шеккен кеншілерге қандай көмек көрсетілетіні белгілі болған еді.