Мектептерде ата-аналар комитетіне тыйым салынуы мүмкін

0
1 581

Ата-аналар комитетінің қызметі тұрмыстық жемқорлыққа себеп болуда


Мектептерде ата-аналар комитетіне тыйым салынуы мүмкін

ERNUR.KZ. Қазақстанда ата-аналар комитетіне тыйым салу жоспарланып отыр, деп жазады Tengrinews.

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Жазира Жылқышиева мәлімдеді.

Ол Астанада өткен брифинг барысында жемқорлық бойынша жүргізілген зерттеудің нәтижелері мен білім беру cаласында анықталған проблемалар жайлы айтты. "Маусым айында ата-аналар арасында аноним түрде жүргізілген әлеуметтік сауалнама айына немесе аптасына қанша ақша жиналатынын білуге мүмкіндік берді - 1 000 теңгеден бастап 10 000 теңгеге дейін жинағандары анықталды. 100 адамның 87-сі өмірінде бір рет болса да мектепте ақша жинағанын айтты. Дәл осы дерек бізге жүйелі түрде жұмыс істеуге септігін тигізді. (...)

Ата-аналардың ешқайсы мектептерде ақша жинайтыны жайлы ашық айтпады", - деді Жазира Жылқышиева.

Сондай-ақ, оның айтуынша, Астанада ақпан айынан бастап Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен әкімдік өкілдері бірігіп "Астана - адалдық алаңы" жобасын жүзеге асырып жатыр.

"Соңғы төрт ай ішінде білім беру басқармасы мен ведомстволық бағынышты ұйымдардың қызметіне қатысты зерттеу жүргізілді. Жобадағылар қоғамдық ұйымдармен біріге отырып, жазда оқушылардың ата-аналары арасында сауалнама жүргізді. Сауалнама нәтижесі білім беру мекемелерінде, мектеп немесе сынып қажеттілігіне қосымша ақша жиналатынын көрсетті", - деп хабарлады Жазира Жылқышиева.

"Көбіне ақшаны ата-аналар комитетіндегілер жинайды. Осы ретте жоба өкілдері Білім және ғылым министрлігіндегілерге ата-аналар комитетіне тыйым салу туралы ұсыныс жасады. Себебі ата-аналар комитетінің қызметі тұрмыстық жемқорлыққа себеп болып жатады", - деді Жылқышиева.