Қазақстан мен Өзбекстан екі елдің қалаларын жалғайтын теміржол салуды жоспарлап отыр

0
2 631

​2021 жылғы 12 ақпанда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикрам Ниязходжаевпен кездесті.


Қазақстан мен Өзбекстан екі елдің қалаларын жалғайтын теміржол салуды жоспарлап отыр

ERNUR.KZ. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты тереңдету перспективаларын талқылады. Оның ішінде инфрақұрылымдық жобаларға ерекше назар аударды, деп жазады ҚазАқпарат.

Қазақстан мен Өзбекстан екі елдің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін жоғары жылдамдықты Түркістан – Шымкент – Ташкент теміржол жолаушылар қатынасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізуде. Бұдан басқа, Өзбекстан аумағына шығатын Мақтарал – Дарбаза жаңа желісін салу жоспарда бар. Ол жоба Сарыағаш өткелі пунктінің жүктемесін едәуір азайтады.

Сонымен қатар, Түркістаннан Ташкентке дейін созылатын жаңа жоғары жылдамдықты магистралды іске қосу көзделіп отыр.

Сондай-ақ, министр мен елші әуе қатынасы жайын талқылады. Коронавирус пандемиясына қарамастан, екі ел арасындағы рейстер тұрақты орындалуда. Болашақта олардың санын ұлғайту, сондай - ақ Өзбекстанның Үргенч, Самарқанд, Нүкіс қалаларынан Қазақстанның Түркістан, Ақтау және Тараз қалаларына жаңа бағыттар ашу жоспарда бар.

Инфрақұрылымдық жобалардан бөлек кездесуге қатысушылар өнеркәсіптік жобаларға назар аударды. Тараптар Қазақстандағы машина жасау саласына маманданған, сондай-ақ Өзбекстан аумағында фармацевтикалық өнім шығаратын бірлескен кәсіпорындар құрмақшы. Сондай-ақ, Шымкентте дәрілік заттар және гигиеналық бұйымдар шығаратын зауыт салу жоспарлануда.