Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық форумы келесі жылы Орынборда өтеді

0
450

Ресей президенті Владимир Путин екі елдің өңіраралық ынтымақтастық форумы келесі жылы қай қалада өтетінін айтты.


Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық форумы келесі жылы Орынборда өтеді

Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы 2022 жылы Орынборда бетпе-бет кездесу форматында өтеді деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путин мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

"2022 жылы кезекті өңіраралық форумы Ресейде өтуге тиіс. Біз Орынборды қарастырып жатырмыз. Мен бәрін бізге қонаққа шақырамын. Бетпе-бет кездесу форматында жиналамыз деген үміттемін", - деді Путин екі елдің өңіраралық форумында.

Ресей басшысы екі елдің коронавирус індетіне қарсы бірлескен күресі тиісті нәтиже беруге тиіс екенін айтты.

"Соның арқасында біз жеке кездесіп, жоспарлар мен жобаларды жан-жақты талқылап, алға ілгерілеу үшін қажетті шешім қабылдаймыз", - деп үміттенді ол.

Еске салсақ, Қазақстан мен Ресей басшылары онлайн форматта мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады.

Өңіраралық форум Көкшетауда өтеді деп жоспарланған еді. Алайда эпидемиологиялық жағдайға байланысты отырыс онлайн форматқа ауыстырылды.

Іс-шара "Экология және "жасыл" даму саласындағы ынтымақтастық" тақырыбына арналды.