Етті сатып жіберу үшін оны тауарлық калий перманганатының ерітіндісімен (марганец ерітіндісі) жуады
ERNUR.KZ. Ет - Қазақстандағы азық-түліктің ең танымал түрлерінің бірі. Бүгінде еліміздің ветеринарлық қадағалау органдары қатаң талаптар қойып отыр. Алайда, ет жеткізушілер мен сатушылардың бұл нормалардың барлығын бірдей сақтамайды, деп жазады ҚазАқпарат.
Ет тез бүлінетін азық-түлікке жатады, сондықтан оны дұрыс емес немесе ұзақ сақтау жағдайында бұзылып, иісі шығады. Жосықсыз сатушылар сондай етті сатып жіберу үшін оны тауарлық калий перманганатының ерітіндісімен (марганец ерітіндісі) жуып та жатады.
Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті (ҚазАТУ) мен Швеция ауылшаруашылық университетінің ғалымдары бірлескен зерттеулер нәтижесінде ет сөрелерінен марганец ерітіндісін анықтаудың қарапайым және тиімді әдісін ойлап тапты.
«2018 жылдың соңында біз С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетімен бірлескен жобаның нәтижесін жарияладық. Бұл жобада біз ет құрамындағы калий перманганатын анықтаудың жаңа экспресс-әдісін жасап шығардық», - деп баяндады «ҚазАқпарат» тілшісіне ғылым докторы, Швеция ауылшаруашылық университетінің профессоры Ғалия Замаратская.
Инновациялық өнертабыстың идеясын ветеринарлық ғылымдар докторы, ҚазАТУ Ветеринарлық санитария кафедрасының доценті және меңгерушісі Юрий Александрович Балджи ойлап тапты. Тиісті тәжірибелер сол жерде өткізілген.
«Калий перманганаты етті бояғыш ретінде көбіне Орталық Азия елдерінде қолданылады, себебі ол - қандай да бір күрделі әзірлеуді талап етпейтін арзан әрі қолжетімді әдіс», - деп бөлісті Швеция ауылшаруашылық университетінің профессоры.
Калий перманганатымен өңделген еттің зиянды, ол тұтынушының денсаулығына қауіп төндіреді.
«Марганец ерітіндісінің шекті рұқсат етілген концентрациясын асырған кезде ауыз қуысы, өңеш, іш ауырып, құсу, іш өтуі мүмкін. Сонда-ақ ол жүрек-қантамыр және орталық жүйке жүйелеріне кері әсерін тигізеді, күретамырлы қысым төмендеп, адамда діріл пайда болуы мүмкін», - деп баяндады әңгімелесуші.
«Өкінішке қарай, етке калий перманганатының қосылуын сезімдік талдау әдісі, яғни көзбен көріп, иіскеп немесе дәмін татып анықтау мүмкін емес, себебі ол етке бірден сіңіп, қандай да бір биохимиялық реакцияларды болдырмайды», - деп атап өтті ол.
«Біз калий перманганатын химиялық жолмен анықтау әдісін ойлап таптық. Ет өнімдерінің бұрмаланғанын анықтайтын индикатор - бензидин ерітіндісі. Бұл реагент етті әуелі жасыл, одан кейін қара түске бояп, ондағы калий пермангатын анықтайды», - деп бөлісті зерттеу құпияларымен Ғ.Замаратская.
Ет құрамындағы калий перманганатын оңай анықтау үшін ғалымдар арнайы индикатор жолақтарын жасап шығарды. Бұл арнайы өлшеу аспабын етке қойған сатып алушы оның марганец ерітіндісімен өңделген-өңделмегенін оңай анықтай алады.
«Біз индикатор жолақтарын болашақта сатылымға шығарып, оны азық-түлік қауіпсіздігі зертханаларында, ветеринарлық-санитарлық сараптама жүргізгенде, сондай-ақ тұтынушылардың ет өнімдерін сатып алу кезінде қолданылады деп үміттенеміз», - деп түйіндеді ғалым.