Қазақстан өзіндік білім беру жүйесін қалыптастырды – Аймағамбетов

0
617

Министр World Skills Kazakhstan 2021 қатысушыларын ең алдымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады.


Қазақстан өзіндік білім беру жүйесін қалыптастырды – Аймағамбетов

ERNUR.KZ. Бұл туралы World Skills Kazakhstan 2021 жабылу салтанатында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп жазады baq.kz.

Министр World Skills Kazakhstan 2021 қатысушыларын ең алдымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады.

Біз үшін ең қастерлі, ең киелі ұғым – ол Тәуелсіздік. Өйткені еліміздің қол жеткізген барлық жетістігі осы Тәуелсіздігіміздің арқасында. Егемендік алған жылдан бастап Қазақстан өзіндік білім беру жүйесін қалыптастырды. Республикамыздың Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы, сарабдал саясатының арқасында білім және ғылым саласында ауыз толтырып айтатындай үлкен жетістіктер болды, – деді министр.

Аймағамбетов атағандай, қазіргі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен білім саласын әрі қарай дамыту үшін жаңа бастамалар іске асырылып жатыр. Ол бастамалардың бірі – колледж жүйесін дамыту. Сонымен қатар әлемдік World Skills стандарттарын енгізу ерекше бақылауда тұр.

World Skills қозғалысы кәсіптік-техникалық жүйені дамытып, ең үздік стандарттарды әкелу үшін септігін тигізіп жатыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын World Skills чемпионатына қатысқанда 50-орынды алған болатынбыз. Кейін көп жұмыс істеліп, біраз өзгеріс енгізілді. Оның арқасында соңғы чемпионатта 60 мемлекеттік ішінен 14-орын алдық. Дегенмен бұл да біз үшін жеткіліксіз. Келесі чемпионатта еліміз үздік ондыққа енеді деп жоспарлап отырмыз, – деп айтты Бас ұстаз.