Қазақстан шикізаттық емес экспортты арттырмақ

0
1 277


Қазақстан шикізаттық емес экспортты арттырмақ

ERNUR.KZ. Жол картасының іс-шаралары қолайлы бәсекелестікке негізделген жағдай жасау және белсенді сауда саясаты арқылы ұлттық экспортты қолдауға бағытталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жол картасы шикізаттық емес сектор мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы экспорттаушыларының тұжырымдамалық-реформаторлық ұсыныстары негізінде әзірленген. Мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуде жаңа тәсілдерді қамтиды. Жол картасында 81 іс-шараны жүзеге асыру көзделген. Оның ішінде шикізаттық емес тауарлардың экспортын ілгерілету жөнінде 52 іс-шара және көрсетілетін қызметтерді дамыту бойынша 29 іс-шара қарастырылған.

Алматыны Орта Азияның бизнес-хабына айналдыру үшін кәсіпкерлікті дамытудың «Алматы Бизнес - 2025» бірыңғай бағдарламасы жасалды. Алматы әкімі жанындағы Іскерлік кеңестің алғашқы отырысы мен жыл сайынғы кәсіпкерлердің 5-ші конференциясы туралы Бақытжан Сағынтаев өзінің instagram-дағы парақшасында жазған болатын. Ол сондай-ақ әлеуметтік салаға да ерекше назар аударылатынын айтты.

Биыл өткен жылға қарағанда 1-1,5 млн тонна астық кем бастырылады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты. Сонымен қатар ол ауа райының қолайсыздығына байланысты биылғы жылы 1,5 млн тонна астық кем жиналатындығын айтты.

Қазақстандағы инфляция деңгейі өткен айлармен салыстырғанда 2019 жылғы тамызда - 0,2%, ал 2018 жылдың желтоқсан айынан бері 3% құраған, деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті. Өткен айда азық-түлік тауарлары – 0,1%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 0,4%-ке қымбаттаған. Ал ақылы қызметтер бағасы 0,1%-ке өсті. Жалпы жыл басынан азық-түлік тауарларының бағасы 6,1%, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 2,9% өссе, ал ақылы қызметтер керісінше 0,6%-ке арзандаған.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев биылғы күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне дизель отыны қалай жеткізіліп жатқанын айтты. Энергетика министрлігі АШМ-пен бірлесіп, дизель отынын жеткізу кестесін әзірлеген. Кестеге сәйкес, қажеттілік 395 мың тонна көлемінде бекітілген. Қанат Бозымбаевтың айтуынша, дизельді жеткізу төлемге сәйкес жүргізіліп жатыр. Министр сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін дизель отынының бағасына да тоқталған болатын.

Лондон мен Нью-Йорктің шикізат биржаларында кешегі сауда-саттық қорытындысы бойынша мұнай арзандады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Лондондағы ICE Futures биржасында қазан айында жеткізілетін Brent маркалы қара алтын бағасы 34 центке түсіп, барреліне 58 доллар 27 центті құрады. Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) қазан айында жеткізілетін WTI маркалы мұнай құны 1 доллар 16 центке арзандап, бір баррелі шамамен 54 долларға тең болды.