Қазақстан Түркияға әскери өнімдерді экспорттайтын болады

0
895

Кездесулер нәтижесінде таяуда түркиялық 5 компанияның қорғаныс саласында бірлескен жобаларды жүзеге асырудың техникалық тетіктерін айқындау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласына арнайы келуі жоспарланған.


Қазақстан Түркияға әскери өнімдерді экспорттайтын болады

ERNUR.KZ. Түркия Республикасының Стамбул қаласында өткен қорғаныс саласының «International Defense Industry Fair 2019» 14-ші халықаралық көрмесінің нәтижесінде қазақстандық делегация осындай келісімге қол жеткізді, деп жазады BAG.KZ.

ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш министрлігінің кәсіпорындар құрылымына енетін «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС («Қазақстан Инжиниринг» ЖШС) Түркия Республикасына оптика-электрондық құралдарды экспорттау жөнінде шарт жасасты. Бұдан өзге, компания түрік кәсіпорнымен ҚР аумағында тікұшақтарға арналған электрондық құрылғылар кешенін жаңашаландыру жөнінде меморандумға қол қойды.
Қазақстандық делегация халықаралық көрме аясында шетелдік әріптестерімен 20-дан астам түрлі кездесулер өткізді. Атап айтқанда, кооперация, инвестициялар мен жаңа жобаларды тарту шеңберінде бірлескен жобаларды құру мәселелері түркиялық «MKEK» және «Aselsan» арасындағы, сондай-ақ «TAI» компаниясымен бірлескен жаңа жобаны жүзеге асыру туралы келіссөздер жүргізу барысында талқыланған тақырыптардың өзегі болды.

Кездесулер нәтижесінде таяуда түркиялық 5 компанияның қорғаныс саласында бірлескен жобаларды жүзеге асырудың техникалық тетіктерін айқындау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласына арнайы келуі жоспарланған.

Биылғы «International Defense Industry Fair 2019» көрмесіне Қазақстан алғаш рет Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Қорғаныс министрлігі және отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің кәсіпорындарынан құралған үлкен делегациямен қатысты. Делегацияны ҚР ЦДҚАӨМ бірінші вице-министрі Талғат Жанжүменов басқарды. Қазақстандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің өнімдері халықаралық көрмеде бір ұлттық экспозиция ретінде ұсынылды және шетелдік әріптестер мен серіктестер тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.

Отандық қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары өнімдерінен құралған бір ұлттық экспозиция алдағы уақытта «MILEX-2019» (Беларусь Республикасы, Минск қ.) және «АРМИЯ-2019» (Ресей Федерациясы, Кубинка қ.) халықаралық көрмелерінде көпшілік назарына ұсынылатын болады.