Форумның ашылуында Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдад Әміреев Бұхара қаласына «Түркі әлемі жастар бастамаларының алғашқы астанасы» мәртебесін беру туралы ресми сертификатты тапсырды.
Өзбекстанның Бұхара қаласында Түркі мемлекеттері ұйымы жас көшбасшыларының IV Форумы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Форумның ашылуында Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдад Әміреев Бұхара қаласына «Түркі әлемі жастар бастамаларының алғашқы астанасы» мәртебесін беру туралы ресми сертификатты тапсырды.
Форум жұмысына Қазақстан Республикасы атынан құрамында Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшелері, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері, музыка, спорт, креативті индустрия және IT салаларында жетістікке қол жеткізген талантты жастар бар делегация қатысты.
«Форум жұмысы қоғам, ғылым, мәдениет және медиа жобалар - 4 өзекті бағыт бойынша жүргізілді. Іс-шарада жас көшбасшылар өздерінің ең үздік жобаларын таныстырды. Үздік спикерлердің қатарында «Аѕаг-Ume» қайырымдылық қорының жетекшісі Асхат Нұрмашев пен «Лайф-ньюс» әлеуметтік жобасының жетекшісі Динара Наумова болды. А.Нұрмашев баспанаға мұқтаж жандарға қолдау көрсететін «Аѕаг-Ume» қайырымдылық қорының қызметімен таныстырып, бұл қор халықтың көмегімен жиналған қаражатқа тұрғын үйге мұқтаж адамдарды баспанамен қамтамасыз ететінін айтты. Бұл жобаға басқа елдердің жастары қызғушылық танытып, болашақта осындай жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға ниет білдірді. Д.Наумова тірек-қимыл аппараты бұзылған жас тұлғаларды оңалту жайында ой бөлісті», - дейді АБҚО Басқарма төрағасының орынбасары Жасұлан Бисембиев.
Сонымен қатар, бұл күндері «Түркі әлемінің жастар саябағы» және «Бұхара -түркі әлемінің жастар бастамаларының алғашқы астанасы» монументі ашылды.
Айта кетейік, Жас көшбасшылар форумы туризмді дамыту, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту және тәжірибе алмасу мақсатында 2018 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Осы уақытқа дейін форум Әзірбайжан, Қазақстан және Қырғызстан сияқты елдерде өтті. Форум аясындағы іс-шаралар мен кездесулерге барлығы 10 мыңнан астам жас қатысты. Келесі форум Түркияның Бурса қаласында өтеді деп күтілуде.
Еске сала кетейік, жалпы Түркі әлемінде 2022 жыл «Жастар бастамаларын қолдау жылы» ұранымен өтіп жатыр.