Қазақстанда 100 оқушылар сарайы мен өнер мектебі салынады

0
685

Оқушылардың санын ескере отырып, спорт залдары көбірек ашылады.


Қазақстанда 100 оқушылар сарайы мен өнер мектебі салынады

ERNUR.KZ. Қазақстанда 100-ден астам оқушылар сарайы, жас техниктер станциясы, музыка және өнер мектебі, балалар технопаркі ашылады деп жоспарланып отыр, деп жазады sputnik.kz.

Бұл мектептен тыс ұйымдардың балалардың тұрғылықты жерінен жақын қашықтықта орналасуын қамтамасыз етеді, деп атап өтті оқу-ағарту министрі Асхат Аймағаметов әлеуметтік желідегі парақшасында.
"Қазір оқушылар сарайларын, музыка және өнер мектептерін жекеменшік секторға беруге рұқсат етілмейтін шектеулерді заңнамалық деңгейде белгілеп жатырмыз", - деді ол.
Министр атап өткендей, жаңадан сайланған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында білім беруді дамыту мен балалардың әл-ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлінген.
Атап айтқанда, бұл бағдарлама бойынша 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар сапалы мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтылады.
Қамтуды одан әрі ұлғайту үшін мектепке дейінгі ұйымдарды ашу, оның ішінде мемлекеттік тапсырыстарды жекеменшік балабақшаларға орналастыру арқылы жұмыс жалғастырылады.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2 мен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды 100%-ке жеткізу жоспарланып отыр. Әлеуметтік осал топтан шыққан, қиын жағдайдағы отбасылардың балалары балабақшаларда тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.
Балабақшалар жыл сайын ашылса да, олардың қызметі балалар үшін тегін болса да, барлық ата-ана балабақшадағы балаларының тамақ ақысын өздері төлейді. Ал қаржылай қиындыққа ұшыраған отбасылар өздерінің балаларын, қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты, кезекке де қоймайды, сәйкесінше олар балабақшаға да бармайды. Нәтижесінде бұл балалардың әлеуметтенуі жеткіліксіз болады, мектептегі үлгерімі төмен тәуекел тобына түсуі бойынша тәуекелдер көп. Сондай-ақ балалар дұрыс тамақтанбағандықтан олардың денсаулығында да проблемалар туындайды.
Бұл мәселені шешу үшін Отбасының цифрлы картасы арқылы қиын жағдайға ұшыраған, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды анықтау алгоритмі әзірленді. Сондай-ақ бағдарлама бойынша 1-4-сынып оқушыларын 100% мектеп тамағымен қамту жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда 7 облыста 1-4-сыныптардың оқушысына тегін ыстық тамақ беріледі.
Сонымен қатар, оқытуға қолайлы жағдайлар қарастырылған 1,5 млн оқушы орны беріледі. Бұл міндетті орындау үшін 2023 жылдан бастап "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы жүзеге асырылады. Бұл жоба басқа ұлттық жобалардан ерекше. Себебі ол оқушы орны тапшылығы мәселесін жоюға көмектеседі. 840 мың оқушыға арналған мектептер салынады.
Құрылыстың бірыңғай стандартының сақталуы, заманауи пән кабинеттерімен және зертханалармен толық жабдықталуы, 1-4-сынып оқушылары мен 5-11-сынып оқушылары үшін бөлек блоктардың болуы, құрылыс және әрлеу материалдарының сапасы жоғары болуы жаңа жайлы мектептер мен қазіргі салынып жатқан мектептердің тұжырымдамалық айырмашылығы болады.
Оқушылардың санын ескере отырып, спорт залдары көбірек ашылады. Қыздар мен ұлдарды еңбекке тәрбиелеу үшін әр мектепте арнайы шеберханалар қарастырылады. Бұл шара біртіндеп бірауысымды оқу форматына көшуге де жол ашатын игі бастама болады.
Жыл сайын шағын қалалардағы, аудан орталықтары мен ауылдардағы кемінде мыңнан астам мектеп заманауи талаптарға сай жаңартылады.
Бұл жұмыс күрделі және орташа жөндеу жұмыстары, пән кабинеттерін жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, мектеп кітапханалары мен асханаларын жаңғырту, қауіпсіздікті жақсартуды қамтитын мектептердегі 6 негізгі бағыт бойынша жүргізіледі.
Роботехника, химия, биология, физика пәндері бойынша кемінде 7 мың заманауи мектеп кабинеті ашылады. Жыл сайын орта есеппен 900-ге жуық робототехника, химия, физика, биология кабинеттері ашылады. 50 балалар сауықтыру лагері ашылады.
2029 жылға дейін стипендия көлемін кезең-кезеңімен екі есеге көбейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, кәсіби патронаттық отбасылар институты енгізіледі.
Бүгінде ауыр дертке шалдыққан немесе бірнеше бауыры бар балалар балалар үйінде қалып жатады, оларды тез асырап алмайды. Сондықтан олардың отбасында тәрбие алу мүмкіндігіне ие болуы үшін денсаулық жағдайына қарамастан барлық баланы қабылдауға дайын болатын кәсіби патронаттық отбасылар институты құрылады.
Асырап алатын ата-аналар тиісті дайындықтан өтіп, еңбектері үшін лайықты ақы алады. Заңнамаға қажетті түзетулерді әзірленіп қойған.