​Қазақстанда 12 пайыз мөлшерлемемен ипотека беріле бастайды

0
1 285

Несиені кез келген жасы 21-ден асқан қазақстандық ала алады.


​Қазақстанда 12 пайыз мөлшерлемемен ипотека беріле бастайды

ERNUR.KZ. "Қазақстан Ипотекалық Компаниясы" АҚ өкілдері жаңа ипотекалық бағдарламаның жүзеге асырылғаны жайлы айтып берді, деп жазады Tengrinews.kz.

Компаниядағылардың айтуынша, жаңа ипотека түрі басқа пәтері болса да, бастапқы және қайталама нарықтағы пәтерді алуға мүмкіндік береді. Несиелеу процесі серіктес болған банктердің көмегімен жүзеге асырылады.

"Қарыз алушының төлем қабілеті толықтай расталған жағдайда жылдық мөлшерлеме 12 пайыз болады. Ипотека 16 қалада беріледі. Несиені кез келген жасы 21-ден асқан қазақстандық ала алады. Бірақ несиені төлеу мерзімі аяқталар кезде несие алушының жасы зейнет жасынан аспауы тиіс", - деп түсіндірді компания өкілдері.

Айтуларынша, бастапқы жарна соманың 30 пайызына тең болуы керек.

"Бастапқы жарна - 30 пайыз. Біз оны ақша түрінде ала аламыз, ақша болмаған жағдай бастапқы жарна ретінде қосымша кепіл аламыз. Берілетін қарыздың максималды сомасы - 40 миллион теңге, минималды - 1 миллион теңге. Ипотеканы 20 жылға дейін рәсімдеуге болады", - деді "Қазақстан Ипотекалық Компаниясы" АҚ басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов.

Компаниядағылардың сөзіне сүйенсек, клиент пәтерді өзі таңдайды да, ол жайлы банктің серікстесіне хабарлайды. Кейін банктегілер қажетті құжаттарды жинап, ипотекалық компанияға өтініш жолдайды. Сосын ғана ипотекалық компания қарыз алушының төлем қабілетін тексеріп, қабылдаған шешімін банкке хабарлайды. Өтініш көп болса 3 жұмыс күні ішінде қаралады.

"Қаражатты мемлекеттен алмаймыз. Біз Қазақстан қор биржасының облигациялық бағдарламасы есебінен 5 миллиард теңге алдық. Инвесторларымыз - банктер мен сақтандыру компаниялары. Биыл тестілеу режимінде 3-4 миллиард теңге жоспарлап отырмыз. Бұл өніміміз халыққа ұнаса, келесі жылы 30-40 миллиард теңге беруді жоспарлып отырмыз", - деді Мұхамеджанов.