Депутаттың айтуынша, біздің елде құрастырылып шыққан автокөліктер қарапайым халыққа қолжетімсіз, бағасы сапасына сай келмейді.
ERNUR.KZ. ЖСДП фракциясының депутаты Наурыз Сайлаубай шекарадан көліктерді заңсыз кіргізуге тосқауыл қоюдың жолын тапқанға дейін елге 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін кіргізілген шетелдік автокөліктерді заңдастыруды ұсынды, деп жазады Stan.kz.
Мәжілісмен бірінші вице-премьер Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында Қазақстанға 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін кірген 80 мыңға жуық автокөліктің тағдырына қатысты мәселені қозғады.
"Қарапайым халық шетелден, яғни шетелдік тіркеуі бар көліктерді неге алып жатыр? Өйткені, ол машиналардың жылы жаңа, сапасы жоғары, оған қоса бағасы жағынан да тиімді болып отыр. Өздеріңіз білетіндей, біздің елде 30 жыл жүрген ескі көліктің бағалары шарықтап тұр. Мысалы, екі-үш жыл бұрын "Toyota Camry 20" автокөлігі 2 млн теңге тұрса, қазір 4 млн теңгеге жетті. Мұны біздің елде "Тойота алсаң, өзіңе салған инвестиция" деп біледі. Себебі сатып алған ескі көліктің бағасы жыл өткен сайын қымбаттауда", - дейді Наурыз Сайлаубай.
Депутаттың айтуынша, біздің елде құрастырылып шыққан автокөліктер қарапайым халыққа қолжетімсіз, бағасы сапасына сай келмейді.
"Шетелден ресми түрде сатып алайын десе, утилизациялық алым мен бастапқы тіркеу алымы көлік бағасынан да асып түседі. Сондықтан да азаматтарымыз әлі күнге дейін көрші елдерден көліктерді кіргізіп жатыр. Олардың саны күн сайын артып, алдағы уақытта тағы үлкен мәселеге әкеп соғуы әбден мүмкін", - деп алаңдады халық қалаулысы.
Осыған байланысты депутаттар елге 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін әкелінген шетелдік автокөліктердің иелеріне де жеңілдік жасап, заңдастыру жолдарын қарастыруды ұсынды.
"Шетелдік теркеуі бар көліктерді заңдастыру уақытын, шекарамыздан заңсыз кіретін көліктерді өткізбеудің амалдарын тауып, нақты шарттарын бекіткенге дейін ұзартуды ұсынамыз. Жоғарыдағы аталған мәселені ескере отырып, бұл көлік иелерінің арасында жалғызбасты аналар, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жасы 35-ке дейінгі жастар бар екенін ескере отырыңыздар", - деді Наурыз Сайлаубай.
Сондай-ақ ол Роман Склярдан 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап шетелдік тіркеуі бар көліктерді шекарадан өткізуге неге рұқсат берілгенін, шекарадан өткен шетелдік автокөліктердің қаншасы мемлекеттік тіркеуден өте алмады және олардың тағдыры не болатынын түсіндіруді сұрады.
Еске салсақ, президент тапсырмасына сәйкес Қазақстанда 23 қаңтардан бастап шетелдік көліктерді заңдастыру басталды.
Қазақстандықтар ел аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік жеңіл көліктерді, шағын және орта көлемді автобустарды, шағын жүк көліктерін, басқару жабдықтары оң жақта орналасқан көліктерді заңдастыра алады:
көлік криминалдық есепте болмауы керек;
басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуға тиіс;
кедендік тазартудан өтуі керек (Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автокөлік болса).
Заңдастыру 2023 жылғы 1 шілдеге дейін жалғасады.