Қазақстанда 43 кәмелет жасына толмаған жасөспірім жазасын өтеп жатыр

0
895

Кәмелет жасына толмағандар арасындағы қылмыстың көбісі Алматы, Ақтөбе және Түркістан облысында тіркеліп отыр.


Қазақстанда 43 кәмелет жасына толмаған жасөспірім жазасын өтеп жатыр

ERNUR.KZ. Кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер арасындағы жиі жасалатын қылмыстардың қатарына кісі өлтіру, ауыр жарақат, тонау және зорлық әрекеттері жатады, деп жазады Елорда Инфо.

«Кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер жасайтын қылмыстардың көбісі пайдакүнемдік мақсатын көздейді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, олар қымбат тұратын ұялы телефон мен қымбат заттарға ие болғысы келеді. Яғни ата-анасының табысы жетпегендіктен сондай әрекеттерге барады. Заңбұзушылық пен қылмысқа көбінесе мектеп жасындағы жасөспірімдер мен колледж студенттері барады. Бұл жерде мәселе тағы да тәрбиеге келіп тіреледі. Баланың тәрбиесінде ата-ананың рөлі ерекше екенін бәріміз білеміз», - деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті ювеналды полиция басқармасының басшысы Әсет Оспанов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, басқарма басшысы бүгінде қанша кәмелет жасына толмаған қазақстандық жасөспірім жазасын өтеп жатқандығы туралы мәлім етті.

«Бүгінгі күні кәмелет жасына толмағандар колониясында 43 жасөспірім жазасын өтеп жатыр. Олардың жасаған қылмысы әртүрлі деңгейде. Атап айтқанда, адам өлтіру, адамды өлімге әкелетін ауыр жарақаттау, тонау және зорлық-зомбылық көрсету. Олардың ең ұзақ дегені 5 жыл түрмеде отырады. Біздегі мәліметтерге сәйкес, кәмелет жасына толмағандар арасындағы қылмыстың көбісі Алматы, Ақтөбе және Түркістан облысында тіркеліп отыр», - деді ол.