Қазақстанда әскери қызметкерлердің зейнет жасы ұлғайтылады

0
398

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі Зейнетақымен қамсыздандыру орталығының басшысы мәлімдеді.


Қазақстанда әскери қызметкерлердің зейнет жасы ұлғайтылады

ERNUR.KZ. Қазақстанда әскери қызметкерлердің зейнет жасы бес жылға ұлғайтылады. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі Зейнетақымен қамсыздандыру орталығының басшысы Қайыржан Бимолдин мәлімдеді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Министрлік өкілі онлайн-брифинг барысында әскери қызметкерлерді зейнетақымен қамтамасыз етуді жақсарту бойынша заңнамалық деңгейде қандай өзгерістер болғанын түсіндірді. Зейнетақы заңнамасында орын алған негізгі өзгеріс – әскери қызметкерлердің мемлекеттік бюджет есебінен ынтымақты зейнетақыға көшуі. Бұрын ол жинақтаушы жүйе есебінен жүзеге асырылатын.

Өткен жылы зейнетақы жинақтарын пайдалану бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында әскери зейнеткерлерге жеткіліктілік шегіне қарамастан 50 пайыз көлемінде зейнетақы жинақтарының қалған бөлігін пайдалану құқығы берілді. Егер сарбаздың 3 миллион теңге жинағы болса, мемлекет берген бағыт бойынша 1,5 миллионын пайдалануға құқылы.

«Биыл әскери қызмет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, қызмет мерзімін бес жылға дейін ұлғайту нормасы енгізілді, осыған байланысты зейнеткерлік жас бес жылға дейін ұлғайтылады», - деді полковник Қайыржан Бимолдин.

ҚР 2030 жылға дейінгі зейнетақымен қамсыздандыруды дамыту тұжырымдамасында зейнетақы жүйесін жетілдіру көзделген деді зейнетақымен қамсыздандыру орталығының басшысы. Тұжырымдама аясында әлеуметтік кодекс әзірленіп жатыр.

«Бүгінгі таңда зейнеткерлеріміздің көтерген мәселелері бойынша ұсыныстар енгіздік, олар әлеуметтік кодекс аясында қаралатын болады», - деді ол.