Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмектің мәні өзгереді - Дүйсенова

0
487

Министрдің айтуынша, бірінші этапта еліміздің 9,4 миллион тұрғыны қамтылған 6,3 миллион отбасыдан тұратын ақпарат жинақталған. Әрбір отбасының әл-ауқаты анықталып, бес санатқа бөлінген.


Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмектің мәні өзгереді - Дүйсенова

ERNUR.KZ. Бүгін Үкімет сағатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ҚР Әлеуметтік кодексі жобасының басты бағыттарын таныстырды, деп жазады stan.kz.

Министр Әлеуметтік кодекс жаңа әлеуметтік саясатты құру - қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын көтеріп, базалық жағдайын қалыптастыруда оң әсерін тигізетінін айтты.

"Әлеуметтік кодексті әзірлеуде халықаралық тәжірибелер зерделеніп, еліміздің ерекшелігін ескере отырып, негіз ретінде Еуропалық одақтың Әлеуметтік кодексі басшылыққа алынды. Кодекстің жобасы 5 бөлімнен, 19 тараудан және 267 баптан тұрады. Оның бес новелласы бар. Бірінші новелла – Отбасының цифрлық картасы. Ол мемлекеттік органдардың барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылады", - деді Тамара Дүйсенова.

Министрдің айтуынша, бірінші этапта еліміздің 9,4 миллион тұрғыны қамтылған 6,3 миллион отбасыдан тұратын ақпарат жинақталған. Әрбір отбасының әл-ауқаты анықталып, бес санатқа бөлінген.

"Отбасылық картаны әзірлеу және пилоттық түрде іске асыру барысында жасалған тұжырымдар негізінде әлеуметтік кодекс жобасында біріншіден, отбасылық картаны әлеуметтік мемлекеттік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіледік.

Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмектің мәнін өзгерттік. Енді атаулы көмек отбасыны немесе азаматты қиын өмірлік жағдайдан шығара алатын атаулы шара ретінде қарастырылатын болады. Үшіншіден, қолданыстағы әлеуметтік контракттың жаңа мазмұнына қатысты, яғни тараптардың жауапкершілігін арттыру қаралып отыр. Мемлекет нақты бір отбасының әл-ауқат дәрежесіне қарап атаулы шара көрсетуге мінддетті болса, оны алушы отбасы бұл шараларды өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін орындауға міндетті", - деді Тамара Дүйсенова.