Қазақстанда байып кетпек болған 130-ға тарта адам тақырға отырды

0
960

Көптеген қазақстандық MMM схемасын бұрыннан білсе де, пирамидаға қосылғандардың саны 130 адамға жуықтаған, ал келтірілген шығын 50 миллион теңгеге бағаланды.


Қазақстанда байып кетпек болған 130-ға тарта адам тақырға отырды

ERNUR.KZ. Қызылорда қалалық екінші сотында құқық қорғау органдарының мәліметінше, қаржы пирамидасын құрған Қызылорда қаласы тұрғынының ісі қарала бастады, деп жазады sputniknews.kz.

"Сотта Қазақстан Қылмыстық кодексінің 217-бабы 2-бөлігі "Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару" бойынша қылмыс жасады деген күдікке ілінген қызылордалыққа қатысты қылмыстық іс қаралды", - деді облыстық прокуратура басқармасының прокуроры, кіші әділет кеңесшісі Зураб Гичиев.

Іс материалдарында айтылғандай, жұмыссыз ер адам әлеуметтік желіні пайдаланып қаржы пирамидасын ұйымдастырған, ол адамдарға қысқа мерзімде жоғары табыс табуға уәде берген.

"Мысалы, үш күнде салымдарды 50 процентке көбейтіп беремін, ал он күнде салым сомасынан 100 пайыз пайда көресіңдер деген, – дейді Гичиев. – Осылайша, ол республиканың әртүрлі аймақтарындағы сенгіш қазақстандықтардан 50 миллион теңгеден астам ақша жинаған, қаржы өзінің банк картасына түскен".

Бұл істе 130-дан астам адам зардап шеккен. Пирамида төрт ай бойы жұмыс істеген, алғашқы салымшылар өз ақшасына өсім алған, ал қалған қатысушылар ақшасынан айырылған.

Айта кету керек, күдіктінің арбауына 35-50 жас аралығындағы әйелдер – көбінесе жұмыссыздар, үй шаруасындағы әйелдер, жеке кәсіпкерлер, қосымша табыс іздеп жүрген азаматтар түсіп қалған.