Қазақстанда бала сатуды бизнеске айналдырғандар көбейген

0
705

Әлеуметтік желіде хабарландыру жариясаңыз, сізге баласын сатқысы келетін аналардың өзі хабарласады.


Қазақстанда бала сатуды бизнеске айналдырғандар көбейген

иллюстрациялық фото

Қазақстанда бала сатуды бизнеске айналдырғандар көбейген, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия арнасына сілтеме жасап.

Балалар үйінде жетімдер азайып барады. Әлбетте қуанарлық жайт. 10 жылда балалар үйінің тәрбиеленушілері 70 пайызға азайған. Бұрын 14 мыңнан асатын, қазір бес мыңға жуықтады. Расымен де асырап алушылар саны артқан. Мұны соңғы он жылдағы мемлекеттік шаралар, қоғамдық ұйымдардың белсене араласуының жемісі деп топшылауға болады.

Екі қыздан кейін аға керек деп, Арман мен Айжан Владиславты бауырына басқан. Қазір Виладислав Арман мен Айжанның өз қыздарына туған ағасындай болып кетті. Олар ағалы-қарындас болып тату-тәтті өмір сүруде.

"Владик біздің үйге келе салысымен бауыр басып кетті де, сосын балар үйіне барғысы келмеген соң асырап аламыз деп шештік. Қыздарымызды туған ағасындай жақсы көреді", - дейді көп балалы ана Айман.

Владиктің де ақыл есі екі жыл кеш дамып келе жатқан. Мейірім мен махаббатың арқасында қатарластарын қуып жетті. Әкесі Арманның ұлын биіктерден көрем деген арманы алыс емес.

"Маған Қ.Сәтбаевтың оқиғасы өте қатты әсер етті. Ол қиыншылық заманда аштан аш өліп жатқан 50-ден астам баланы алып, соның ішінде 40-тан астам академик, генерал тәрбиеледі. Сондықтан ағаларымыз көрсетіп берген жолды біз де ұстануымыз керек", - дейді көп балалы әке Арман Телев.

Бірақ осы тұста таяқтың екінші ұшы, мәселенің екінші қыры бар екенін айтқан абзал. Жалпы бала асыраудың мың сан машақаты өз алдына, кей пысықайлар нәрестені бизнеске айналдырып, табыс тауып жүр.

Қызылордалық келіншек балалар үйінен бала бағып алу өті қиын екенін айтады. Оның сөзінше, елімізде балаларды перзентхана қызметкерлерінің өзі ақшаға сатып жіберетін көрінеді. Өзі де баласын дәл осылай асырап алған.

"Біздің балалар үйінде құндақтағы бала жоқ. Таба алмайсыз. Олар алып сатарлардың қолында болады. Перзентханадағы адамдардың қолында болады. Мұны бизнес десек те болады. Біз 500 мыңға өте арзанға алдық. Біз әйтеуір қазақпыз ғой. Бір қулық жасадық. Әлеуметтік желіде "заң бойынша бала асырап аламын" деп жаздым. Көп қыздар хабарласты. Алаяқ қыздар өте көп. Ана мен бала үйі деген де бар. Ата-анасының үйіне бара алмайтын жүкті қыздар барады ол жерге. Бір танысым сіңлімнің баласы жоқ деп айтса, мәселе емес екенін, сол орталықта жүрген қызды үгіттеп жіберемін де, алып келемін баланы деп айтыпты. Ақшасы болса болды деген", - дейді келіншек.

Әлеуметтік желіде хабарландыру жариясаңыз, сізге баласын сатқысы келетін аналардың өзі хабарласады. Солардың бірі 30 жастағы келіншек. Ол төртінші баласын күтіп жүр. Алғашқы үшеуі қыз екен. Күйеуі тастап кеткендіктен осындай қадамға бармақ.

"Жолдасым тастап кетті. Карта ойнайтын еді ғой. Сол картаның буымен кетті де, біздерді тастап. Бір айлыққа қарап отырмыз ғой, әне алдырамын, міне аламын деп жүргенде бала өсіп кетті", - дейді келіншек.

Құрсақтағы баласын саудаламақ болған көкек аналардың бірі 17 жаста. Баланың әкесі мен отбасы баладан бас тартқанын айтады. Өрімдей қыз бұдан басқа шарасы жоқ екенін жеткізді.

10 жыл бұрынғы есеппен салыстырсақ балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны 70 пайызға азайған. Алайда асырап алғандардың 20 пайызы баланы кері әкеліп тастайтын көрінеді.

"Дүкеннен киім сатып алсаңыз, ұнамаса қайтадан апарып жіберуге болады. Ұнамаған нәрсені алсаңыз, қайтадан апарып тастап кетуге болады. Ал бала зат емес, материал емес, ол адам", - дейді әлеуметтік педагог Алтынай Әубәкірова.

Елімізде жыл өткен сайын бедеулік те артып келеді. Бала аңсап жүргендердің де қатары көп.

"Бедеуліктің басты себебі - жыныстық қатынас кезінде жұғатын аурулардың болуында. Екіншіден әрине, қоршаған ортамыз, ішкен тамағымыз, демалған ауамыз әсер етеді", - дейді гинеколог Күлзира Исламқұлова.