Қазақстанда базар мафиясы бар ма – министр жауабы

0
554

Министр базар маңында қандай да бір топтар пайда болса, дереу мәселені шешіп тастайтындарына сенімді екенін айтты.


Қазақстанда базар мафиясы бар ма – министр жауабы

ERNUR.KZ. Сенат отырысынан кейін өткен брифингіде Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке «Қазақстанда базар мафиясы бар ма?» - деген сауал қойылды, деп жазады inform.kz.

«Ұзақ уақыт бойында базар мафиясы бар деген пікір қалыптасты. Бірақ дәл Астанада базар әкімшілігімен де, жеткізушілермен де өзіміз сөйлесіп жүрміз. Негізі сатушылар жеткізушілерін біледі. Сатушы ретінде сіз де кімнен не сатып алатыныңызды біліп тұрасыз ғой. Сол сияқты. Бағасы қолайлы ма, сапасы көңіліңізден шыға ма, қызмет көрсету жағы ұнай ма, бәрін ескересіз. Мұнда да дәл соған ұқсас процесс», - деді Арман Шаққалиев.

Министр базар маңында қандай да бір топтар пайда болса, дереу мәселені шешіп тастайтындарына сенімді екенін айтты.

«Қазір қандай да бір топтар бар деп айта алмаймыз. Ондай фактілер болса, сізге турасын айтайын, біз кез келген топтың мәселесін шешеміз. Құқық қорғау органдары арқылы да, өз бағытымыз арқылы да. Мен мұндай болмайды деп айтпаймын, болады. Бірақ топтардың себебінен емес, жосықсыз бәсекенің салдарынан болады. Біреу өзін бірегей жеткізуші етіп алғысы келеді дегендей. Өмірде ондай болады. Оған әрекет етіп отырамыз. Жәрмеңкелерге келсек, өңірлерде ондай дабылдар түссе, өңірлік департаменттер жедел әрекет етеді. Ондай фактілер болып тұрады, бірақ жаппай, ұйымдасқан сипаты бар деп айта алмаймын», - деді министр.