​Қазақстанда бір дәрігерге түсетін жүктеме азайтылуда

0
1 287

Енді жалпы практика дәрігеріне тіркелетін адам саны 1700-ден аспауы тиіс.


​Қазақстанда бір дәрігерге түсетін жүктеме азайтылуда

сурет: ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. Бір дәрігерге түсетін жүктеме азайтылып жатыр. Енді жалпы практика дәрігеріне тіркелетін адам саны 1700-ден аспауы тиіс. Бұл туралы ҚР ДСМ баспасөз қызметінен мәлім болды, деп жазады ҚазАқпарат.

Айта кетейік, 15 қыркүйектен Қазақстанда емханаға тіркелу басталды. Екі айға созылатын жыл сайынғы дәстүрлі науқан 15 қарашада аяқталады.

«Мұндағы мақсат - қаралып жүрген емханасына көңілі толмайтын азаматтарға емдеу мекемесін ауыстыруға мүмкіндік беру. Сондай-ақ, бұл шара нарыққа жаңадан қосылған медицина ұйымдарының келер жылы халыққа қызмет көрсетуге тапсырыс алуына жағдай жасау мақсатында өткізіледі, - деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ботагөз Жақселекова.

Оның сөзіне қарағанда, былтырғы тіркеу науқаны барысында 300 мыңнан астам қазақстандық азамат емхана таңдау құқығын пайдаланған болатын. Бұл алдыңғы жылдардағы көрсеткіштерден екі есе көп. Сонымен қатар, тіркеу кампаниясына деген қызығушылықтың артқанын, азаматтардың аталған науқан туралы ғана емес, емхананы еркін таңдау құқығы жайлы да біле бастағанын байқауға болады.

Отбасылық қызмет көрсету және медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі ұстанымдарын іске асыру үшін емхананың үйге жақын маңда болғаны дұрыс. Бұл үйде біреу ауырып, өзін жайсыз сезінген жағдайда дәрігерлердің жедел көмек көрсетуіне мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жедел жәрдем жүйесінде жасалған соңғы реформаларды ескерсек, мұның маңызы арта түседі. Себебі бұдан былай 4-санатқа жатқызылатын шақыртуларға жергілікті емханалар қызмет көрсетеді.

Оған қоса, дәрігерлерге түсетін жүктеме мен емханалардағы кезекті азайту мақсатында тіркеу шегі белгіленіп отыр. Ол бойынша бір жалпы практика дәрігеріне тіркелетін адам саны 1700-ден аспауы тиіс. Бұрын бізде бір дәрігер 2000 адамға қызмет көрсететін.

«Азаматтар үш түрлі жолмен, яғни, таңдап алған медицина ұйымына тікелей барып, электронды үкімет порталы арқылы онлайн режімінде және Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркеле алады», - деді МСҚ медициналық көмекті пайдаланушылармен жұмыс және мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі басқарушы директоры Забира Оразалиева.

Емхана арқылы тіркелу үшін жеке куәлік пен бас дәрігердің атына жазылған өтініш талап етіледі. Ал, egov.kz порталы арқылы тіркелу үшін жүйеге кіріп, электронды өтінімді толтырасыз. Қызметтің нәтижесі өтініш берушінің Жеке кабинетіне жолданады. Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркелу үшін Connection Points бөлімінің қызметін пайдалануға болады.

Халықты тіркеумен айналысатын емханалардың тізімі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайтындағы «Клиника таңдау» бөлімінде орналасқан. Биылғы тіркеу науқанына бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 580 ұйым қатысып жатыр.