Тарифтердің өсуіне бірнеше себеп бар.
ERNUR.KZ. Қазақстанда 1 сәуірден бастап жылу электр станцияларының шекті тарифтері орта есеппен 15 пайызға артады. Бұл туралы энергетика вице-министрі Қайрат Рахымов мәлімдеді, деп жазады Tengrinews.kz.
ОКҚ брифингінде Рахымов 2020 жылдың қыркүйегінде 45 энергия өндіруші ұйымның 37-сі электр энергиясын өндірудің шекті тарифтерін қайта қарауға өтінім бергенін айтты.
Оның мәліметінше, Қазақстанның энергетика көздерінің басым бөлігі өткен ғасырдың 60-70-іші жылдары пайдалануға берілген. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстандағы энергетикалық активтердің 53 пайызы тозған. Тиісінше, өндіру секторындағы негізгі шығындар жөндеу жұмыстарына кетеді. Рахымовтың айтуынша, станциялардың көбінің кірісі нақты шығыннан төмен.
"Өкінішке қарай, шекті тарифтерге салынған жөндеу науқандарына жұмсалатын шығындардың рұқсат етілген деңгейі қажеттіліктерді толық көлемде өтемейді", - дейді ол.
Толық қаржыландыру болмағандықтан апаттар мен техникалық ақаулар саны өскені де хабарланды. 2020 жылы Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінде 4 458 технологиялық бұзушылық болған (2019 жылмен салыстырғанда 11 пайызға өскен).
"Электр станцияларындағы шекті тарифтерді уақтылы түзету оларды жаңғырту жұмыстарын сапалы жүзеге асыруға, сондай-ақ 2021-2022 жылдардың күзгі-қысқы кезеңінен сәтті өту және авариялық жағдайларды азайту үшін уақтылы және толық көлемде жөндеу жүргізуге мүмкіндік береді", - деді вице-министр.
Оның айтуынша, тарифтердің өсуі көмірдің қымбаттауымен де байланысты. 2020 жылы Қаражыра көмірінің құны 8,6 пайызға, Богатырь көмірінікі 9,9 пайызға өскен. Ал оны тасымалдау шығыны 7 пайызға артқан.
Сондай-ақ, вице-министр энергия өндіруші компаниялар қызметкерлерінің жалақысын көтеру қажет екенін мәлімдеді.
2016 жылы Қазақстанның негізгі электр станцияларында өндірістік персоналдан 26 мыңнан аса адам жұмыс істесе, 2020 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемінің 15 пайызға ұлғаюына қарамастан, олардың саны 23 мың адамнан аспайды.
"Жақын арада энергия өндіруші ұйымдарды басқару жүйесіндегі басты басымдық - білікті персонал және осындай біліктілікті жоғары деңгейде ұстап тұру болады. Ол үшін тиісті бағдарламаларды әзірлеу бойынша шаралар қабылдау және еңбекақыны жоспарлы түрде ұлғайту талап етіледі", - деп толықтырды вице-министр.