Қазақстанда электросамокаттарды пайдалану тәртібіне өзгерістер енгізіледі

0
639

Тиісті ұлттық стандарттарды әзірлеу Техникалық регламент жаңарғаннан кейін жүргізілетін болады.


Қазақстанда электросамокаттарды пайдалану тәртібіне өзгерістер енгізіледі

ERNUR.KZ. Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр электросамокаттарды жіктеуге және құқықтық реттеуге қатысты түсінік берді, деп жазады inform.kz

Айта кетейік, биыл қазан айында Сенаттың жалпы отырысында депутат Нұртөре Жүсіп өзінің депутаттық сауалында жол қауіпсіздігі мәселесін көтерді. Осы орайда электросамокаттар, самокаттар мен гироскутерлер тек олардың иелерінің ғана емес, жаяу жүргіншілердің де өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіретіні айтылды.

«Кедендік бақылау аясында техникалық регламенттер мен стандарттарға сәйкес келмейтін электросамокаттардың елге әкелінуін шектеуді енгізу үшін Еуразиялық экономикалық одақ ауқымында техникалық регламентке тиісті толықтыруларды көздеу қажет. Осыған байланысты, биылғы 17 тамызда Еуразиялық экономикалық комиссияға (ЕЭК) «Машиналар мен жабдықтардың қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламенті аясында реттеу үшін электр самокаттарын қосу бойынша ұсыныс енгізілді. Аталған мәселе мүдделі тараптардың қатысуымен ЕЭК алаңында қаралатын болады», - деді Р. Скляр депутаттық сауалға жауап бере отырып.

Оның айтуынша, тиісті ұлттық стандарттарды әзірлеу Техникалық регламент жаңарғаннан кейін жүргізілетін болады. Сондай-ақ электросамокаттарды құқықтық реттеу үшін қазіргі таңда ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының бастамашылығымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленген.

«Осы заң жобасы электросамокаттардың жол жүрісіне қатысуын регламенттеу, «шағын электр көлік құралы» ұғымын енгізу, сондай-ақ осы құралдарды басқаратындардың құқықтары мен міндеттерін белгілеу бөлігінде түзетулерді көздейді. Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдар осы заң жобасына Үкімет қорытындысының жобасын әзірлеуде. Көрсетілген актілерді қабылдау электросамокаттарды пайдалану мәселелерін құқықтық реттеуді қамтамасыз етеді», - деді Роман Скляр.