Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Ерлан Бекхожинге берген сұхбатында айтты.
ERNUR.KZ. Елімізде медициналық қызметкердің жауапкершілігін сақтандыру алгоритмі әзірлену үстінде, деп жазады 24.kz.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Ерлан Бекхожинге берген сұхбатында айтты. Министр науқастың мүддесін қорғап, ақ халаттылардың құқығын сақтауға мүмкіндік беретін жаңа реформаны тілге тиек етті. Бұл өз кезегінде дауды сотқа дейін жеткізбей, медиация тəртібімен реттеуге мүмкіндік береді.
"Өкінішке қарай, дәрігерлер де қателеседі. Мәселен, АҚШ-та дәрігердің қалт кетуі 25 процентке дейін тіркеледі. Егер біз әрбір маманды жазалап, соттайтын болсақ, онда елде медициналық қызметкер қалмайды. Егер жұмысына немқұрайлы қарап немесе науқасқа әдейі зиян келтірсе, онда қатаң жауапқа тарту керек. Абайсызда болса, сақтандыру арқылы өтеуге мүмкіндік беріледі. Алайда дәрігер міндетті түрде қайта дайындықтан өтіп, біліктілігін арттыруы тиіс, содан кейін ғана ол жұмысқа кірісе алады. Мұндай әдіс дамыған елдерде қолданылады. Сонымен қатар бірде-бір дәрігер операция бөлмесіне сақтандырусыз кірмейді", – деді ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Қазір елде 220 мыңға жуық дәрігер мен орта медициналық қызметкерлер жұмыс істейді. Ведомство басшысы сонымен бірге қызметкерлерлің біліктілігі мен еңбекақы мәселесін де қозғады.