​Қазақстанда есірткі жарнамалайтын 845 сайт анықталған

0
1 326

Есірткі диллерлері есірткіні көбіне интернет арқылы сатады.


​Қазақстанда есірткі жарнамалайтын 845 сайт анықталған

ERNUR.KZ. Бүгін мәжілісте "Қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдемелер болып табылатын есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын, атыс қаруын, оның негізгі бөліктерін, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды беру тәртібі туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасы мақұлданды, деп жазады sputniknews.kz.

Заң жобасын талқылау барысында депутат Нұрлан Әбдіров Қазақстанда есірткі жарнамалайтын 800-ден астам интернет-ресурс анықталғанын айтты.

"Мемлекет басшысының бастамасымен Алматыда есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бойынша Орталықазиялық аймақтық ақпараттық үйлестірушілік орталығы сәтті жұмыс істеп тұр. 20 жыл ішінде біздің елімізде есірткі қылмысы мен есірткіні қолдану деңгейі екі есеге төмендеді. Соңғы уақытта Орталықазиялық аймақтық ақпараттық үйлестірушілік орталығы жаңа психоактивті заттардың ерекше қаупі туралы дабыл қағуда. Елімізде олардың заңсыз айналымы өсіп жатқаны байқалады. Есірткі диллерлері есірткіні көбіне интернет арқылы сатады. Есірткіні жарнамалайтын және тарататын 845 интернет-ресурс анықталған. Ақпарат және комуникациялар министрлігі осыған ұқсас 529 сайтты бұғаттады. Телеграмм мессенджерінде 12 канал анықталды", - деді ол.

Мәжілісменнің айтуынша, осындай жағдайда етене халықаралық іс-қимылға сұраныс арта түседі.

"Жуырда ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер аумағында өткізілген есірткіге қарсы операцияның қорытындысы есірткіден үлкен қауіп бар екенін көрсетті. Операцияға Иран мен Қытай да қатысты. 5 тонна опиат пен 2 тонна синтетикалық есірткіні қоса алғанда, 9 тонна есірткі тәркіленді. 7 мыңға жуық қылмыстық іс қозғалды. Бір ғана операция барысында есірткімен бірге 115 дана атыс қаруы мен 2,5 мыңға жуық оқ-дәрі тәркіленді", - деп атап өтті депутат.