Қазақстанда есірткіге тәуелді 10-ға жуық мемлекеттік қызметші анықталды

0
2 595

Бақытжан Әмірханов жыл сайын ішкі істердің барлық қызметкерлері медициналық тексеруден өтетінін мәлімдеді.


Қазақстанда есірткіге тәуелді 10-ға жуық мемлекеттік қызметші анықталды

ERNUR.KZ. Еліміздегі мемлекеттік қызметшілері арасынан 10-ға жуық нашақор анықталып, жұмыстан шығарылды. ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов Қазақстанда жыл сайын мемлекеттік қызметкерлер арасында қанша нашақорлар анықталатынын айтты, деп жазады stan.kz.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында ол қазір мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметкерлерге есірткі қолдану фактісін анықтау мақсатында жаппай скринингтен өткізу пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатқанын айтты.

“Әскери және мемлекеттік қызметшілер де адамдар, олардың арасында есірткіні қолдана алатындар да бар. Нашақорлыққа тәуелділік бұл қылмыскер емес, бұл да құмар ойындарға тәуелділер сияқты аурудың бір түрі. Ал оларды анықтау үшін скринингтік тестілеуге жүгінеміз", - деді ІІМ департаменті басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, биыл полицейлер арасында да есірткі қолданатын үш қызметкердің бар екені анықталған. Соның біреуі Астанада жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметкерлер арасында да осындай көрсеткіш.

Бақытжан Әмірханов жыл сайын ішкі істердің барлық қызметкерлері медициналық тексеруден өтетінін мәлімдеді. Сондай-ақ жұмысқа орналасу немесе қызметін ауыстыру кезінде әскери-дәрігерлік комиссия толықтай тексереді.

Айта кетейік, Денсаулық сақтау органдарының мәліметі бойынша Қазақстанда 18 200 есірткіге тәуелді адам есепте тұр. Оның ішінде 1500 әйел және 100-ге жуық кәмелетке толмағандар. 2024 жылдан бастап нашақорлық мәселесін шешу бойынша кешенді жоспарды іске асыру жоспарлануда. Оған бюджетінен 53,2 млрд теңге жұмсалады.