Аталған өндірушілер өнім өндіру және таңбалау бойынша техникалық регламенттер талаптарын жүйелі түрде бұзып келген.
ERNUR.KZ. ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті ағымдағы жылдың 7 айында өнімнің қауіпсіздігіне жүргізген мониторингінің нәтижелері бойынша «Омский бекон» АҚ, «Микояновский мясокомбинат» ЖАҚ, «Царицыно» ААҚ және «Курников» АӨК ЖШҚ өндірушілеріне қатысты ет өнімін күшейтілген зертханалық бақылау енгізді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі ведомствоға сілтеме жасап.
Аталған өндірушілер өнім өндіру және таңбалау бойынша техникалық регламенттер талаптарын жүйелі түрде бұзып келген. Осы уақыт ішінде еліміздің бірқатар өңірлерінің сауда орындарында сәйкес келмейтін өнімдер бірнеше рет анықталды.
«Мысалы, «Омский бекон» АҚ-ы «Популярная», «Бутербродная», «Южная», «Сельская», «Заречная», «Походная» шұжық өнімдерінде натрий нитриттерінің массалық үлесін 2-3 есеге, левомицетинді 1-2 есеге арттыруға, сондай-ақ микробиологиялық көрсетікштер бойынша бұзушылыққа жол берілген», - делінген хабарламада.
«Микояновский мясокомбинат» ЖАҚ өндірісінің «Южные» және «Сытные» сосискаларында натрий нитриттерінің үлес салмағы артқаны анықталған, патогенді микрофлора және ішек таяқшалары тобының бактериясы анықталған.
«Царицыно» ААҚ-ның шұжық өнімдерінде («Утренние» сосискалары) стафилококк анықталған. «Русская» шұжығында натрий нитриттерінің массалық үлесінің артуы, «Утренние» және «Бистро» сосискаларында патогендік жұқтыру анықталған.
«Курников» АӨК ЖШҚ-ы өндірісінің «Натуральный», «Крестьянский», «Хуторской» тартылған еттері және «Премиум» жартылай фабрикаты тамақ өнімдері қауіпсіздігінің микробиологиялық көрсеткіштері бойынша сәйкес келмейді.
«Әрбір факті бойынша өнімнің сәйкес келмейтін партиясын алып тастау жөніндегі санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілді. Бүгінгі күні еліміздің уәкілетті органынан және өндірушілердің өздерінен олардың тиісті іс-шараларды жүргізетіні туралы хабарламалар алынды», - дейді мамандар.