Қазақстанда ЭЦҚ-ның баламасы пайда болады

0
796

Оны қолданысқа биыл енгізу жоспарда бар.


Қазақстанда ЭЦҚ-ның баламасы пайда болады

ERNUR.KZ. Қазақстанда ЭЦҚ-ның балама жаңа түрі пайда болады, деп хабарлайды Хабар24.

Бұл туралы ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев халыққа есеп беру кездесуінде айтты.

Қазіргі қолданыстағы электронды цифрлық қолтаңбадан (ЭЦҚ) жаңа «бұлтты» ЭЦҚ-ның басты айырмашылығы – оны пайдалану үшін компьютерге қосымша бағдарлама (NCALayer) орнатудың қажеті жоқ. Сонымен қатар ЭЦҚ компьютерге емес, қорғалған серверде сақталады және оны пайдалану үшін бейнеидентификациядан өту керек.


«Азаматтар үнемі ЭЦҚ-ға қатысты көп сұрақ қоятын. Біріншіден, ЭЦҚ-ны алу үшін ХҚКО-ға бару кейбіреулерге қиындық тудырса, енді біреулеріне ЭЦҚ-ны пайдалану үшін компьютерге қосымша бағдарлама орнату қажеттігі ұнамады. Осыдан бірнеше ай бұрын біз ЭЦҚ-ны қашықтан алу процесін іске қостық. Ал қазір NCALayer орнатуды қажет етпейтін баламалы электрондық цифрлық қолтаңбаны әзірлеумен айналысудамыз», - деді Жұмағалиев.


Министр бұл қолданыстағы ЭЦҚ-ның баламасы екенін, оны жоғалтып алу мүмкін еместігін және өзіңізден басқа ешкімнің пайдалана алмайтынын атап өтті.


«Бейнеидентификациядан өтпей, құпия сөзді енгізбей ЭЦҚ-ны пайдалану мүмкін емес. Сіздің цифрлық қолтаңбаңызды өзіңізден басқа ешкім пайдалана алмайды. Қазір «ҰАТ» АҚ, Ақпараттық қауіпсіздік комитеті мен Мемлекеттік техникалық қызмет қауіпсіздік мәселелерін пысықтауда», - деді Жұмағалиев.


ЭЦҚ-ның жаңа түрі компьютерде немесе басқа да тасығышта сақталмайды. Қызметті алу кезінде жүйе азаматтың серверде сақталған цифрлық қолтаңбасын автоматты түрде табады.

Қазіргі уақытта ЭЦҚ-ның жаңа түрі әзірлеу сатысында. Оны қолданысқа биыл енгізу жоспарда бар.