Қазақстанда ипотекалық қарыз бойынша кепілде тұрған үйді өндіріп алуға тыйым салынады

0
632

​Қазақстанда ипотекалық қарыз бойынша кепілде тұрған тұрғын үйді жеке атқарушылық іс жүргізуден тыс өндіріп алуға тыйым салынбақ.


Қазақстанда ипотекалық қарыз бойынша кепілде тұрған үйді өндіріп алуға тыйым салынады

ERNUR.KZ. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың жауабында айтылған, деп жазады ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы осы жылғы 22 қыркүйекте Үкіметке Ұлттық банкпен және агенттікпен бірлесіп, 2021 жылғы 1 қарашаға дейін атқарушылық іс жүргізу, жеке сот орындаушыларының жұмысы, екінші деңгейдегі банктердің бағалау қызметі мен кепілдік саясатын реттеу аясында қатынастарды жетілдіру бойынша заңнамалық және нормативтік түзетулер топтамасын 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізе отырып, әзірлеуді тапсырды. Заңнамалық түзетулердің негізгі әзірлеушісі болып Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі айқындалды. Қазіргі уақытта кепіл мүлкін, оның ішінде жылжымайтын мүлікті сату рәсімдері жылжымайтын мүлік ипотекасы және атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамалық актілермен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен және ҚР Азаматтық процестік кодексімен регламенттелген. Кепіл мүлкін өткізудің қолданыстағы практикасына жүргізілген талдау өткізу рәсіміне және сауда-саттыққа қатысушыларға қойылатын қазіргі талаптар аукционның ашықтығын және өткізілетін мүлікке баға белгілеудің объективтілігін қамтамасыз етпейтінін көрсетті», - деді ол.

Оның атап өтуінше, осыған байланысты, әзірленетін заң жобасының аясында азаматтардың құқықтарын қорғауды жетілдіру бойынша мынадай қосымша іс-шаралар көзделген:

1) мүлікті кепіл берушінің үш айлық мерзімінде өз бетімен өткізуін кепіл мүлкін сот арқылы және соттан тыс өткізу аясында міндетті рәсім ету, өткізу құнының шегін кемінде 75 пайыз және бағалау күнінен 6 айдан аса уақыт өтпеген кепілдің бағалау құнының 100 пайызынан артық болмайтындай етіп белгілеу;

2)атқарушылық іс жүргізу аясында тұрғын үй жылжымайтын мүлкін сатуды төмендетудің шекті өлшемін бағалау құнының 75 пайызынан кем болмайтындай етіп белгілеу;

3) кепілде тұрған жылжымайтын мүлікті сот арқылы немесе соттан тыс өткізу аясында оның ішінде кредиторға, оның қызметкерлеріне және үлестес тұлғаларына; егер сауда-саттықтың екінші қатысушысы оның жақын туысы, зайыбы (жұбайы) болса жеке тұлғаның сауда-саттыққа қатысуына тыйым салу;

4) ипотекалық қарыз бойынша кепілде тұрған тұрғын үйді жеке атқарушылық іс жүргізуден тыс кепіл ұстаушылардың немесе сот орындаушыларының өтініштері бойынша өндіріп алу мүмкіндігін болдырмау;

5) бағалаушылардың біліктілігі мен жауапкершілігіне қойылатын талаптарды күшейту;

6) жеке тұлғаның баспанасымен қамтамасыз етілген ипотекалық қарыздар бойынша кепіл құнына қатысты берешектің мардымсыздығын айқындау шегін ұлғайту.

«Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі тиісті түзетулерді одан әрі осы жылғы 1 қарашаға дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізу үшін 2021 жылғы 15 қазанда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесіне енгізді», - деді Мәдина Әбілқасымова.