Қазақстанда карантин жеңілдетілді – жаңа қаулы шықты

0
540

​Бас санитар сенбіден бастап "Ashyq" қосымшасына қосылған кәсіпкерлік нысандардың жұмысын ұзартуға рұқсат берді.


Қазақстанда карантин жеңілдетілді – жаңа қаулы шықты

ERNUR.KZ. Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов жаңа қаулыға қол қойды, деп жазады sputnik.kz.

Құжатта Ashyq қосымшасын ары қарай қолдану шаралары жазылған. Осыған орай, жобаға жаңа қатысушыларды қосу, "сары" және "қызыл" мәртебесі бар келушілерге қатысты шара қабылдау мен жосықсыз қатысушыларды Ashyq-тан шығару тәртібі беріліп отыр.

Сондай-ақ жобаға қойылатын негізгі талаптар мен "Ashyq" көшбасшылары" мәртебесін беру шарттары бекітілді.

Бас санитар 28 тамыздан бастап "Ashyq" қосымшасына қосылған кәсіпкерлік нысандардың жұмысын ұзартуға да рұқсат берді. Бірақ ондай жеңілдік Алматы қаласына әзірше тарамайды.

"28 тамыздан бастап Алматы қаласын қоспағанда, демалыс күндері "Ashyq" жобасына қатысатын барлық бизнес объектілерінің жұмысына сағат 00.00-ге дейін, ал "Ashyq" жобасының көшбасшыларының жұмысына қызметкерлер мен келушілерде "жасыл мәртебе" болған жағдайда сағат 02.00-ге дейін рұқсат берілсін", - делінген жаңа қаулыда.

Ал 30 тамыздан бастап жұмыс күндері "Ashyq" жобасына қатысатын бизнес нысандары 00.00-ге дейін, ал "Ashyq" жобасының көшбасшылары түнгі сағат 02.00-ге дейін жұмыс істей алады.

"Эпидемиологиялық жағдай тұрақтанған жағдайда Алматы қаласында карантиндік шараларды жеңілдетуді енгізу тиісінше осы жылғы 4 және 6 қыркүйектен басталсын", - делінген қаулыда.

Бұдан бөлек, сенбі күндері қоғамдық көліктің жұмысына да рұқсат беріліп отыр. Жаңа қаулының толық нұсқасымен мына жерден танысуға болады.