Қазақстанда көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы көлемі артады

0
530

1 шілдеден бастап 7 және одан көп баласы бар аналардың жәрдемақысы өседі.


Қазақстанда көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы көлемі артады

ERNUR.KZ. 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға берілетін жәрдемақы 7,4 АЕК-ке дейін артады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«2023 жылғы 1 шілдеден бастап республикалық бюджеттен «Алтын алқа» алған, «Батыр ана» атағы бар, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналарға төленетін әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке дейін (2023 жылы – 25 530 теңге) өседі. Тиісті норма ҚР Әлеуметтік кодексінде көзделген», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген және Мемлекет басшысы қол қойған ҚР Әлеуметтік кодексі 9 заңды шоғырландырды және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін дамытудың құқықтық негіздерін нығайтуға әрі азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларының атаулылығын күшейтуге бағытталған.

ҚР Әлеуметтік кодексін іске асыру әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін кезең-кезеңімен халықаралық стандарттар деңгейіне келтіруге, халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушілердің әлеуметтік тәуекелдердің салдары үшін ортақ жауапкершілігінің рөлін күшейтуге, азаматтардың проактивті формат арқылы мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларының ашықтығы мен атаулылығын арттыруға мүмкіндік береді.

«Құжаттың новеллаларының бірі – «Наградталған ана» деген жаңа ұғымды енгізу болатын. Бұл мәртебе «Күміс алқа», «Алтын алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған әйелдерге берілетін болады», - делінген министрлік хабарламасында.

Бүгінгі таңда 6, 7 және одан да көп баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алады. ҚР Әлеуметтік кодексінде наградталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшерін саралау көзделеді.

«Мәселен, «Алтын алқамен», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған, «Батыр ана» атағы бар, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 7,4 АЕК-ке дейін (2023 жылы – 25 530 теңге) өседі. Бұл өзгеріс 90 мыңға жуық марапатталған аналарды қамтитын болады» , - дейді ведомство өкілдері.

Жәрдемақы алушыларға 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша оның мөлшерін арттыру мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде бар мәліметтер негізінде автоматты түрде жүзеге асырылатынын атап өту қажет.