Қазақстанда мақта өндірушілерді қолдайтын жаңа бағдарлама жасақталуда

0
3 114

Ауыл шаруашылық министрлігі мақта саласында қордаланған мәселелерді шешуге кірісті.


Қазақстанда мақта өндірушілерді қолдайтын жаңа бағдарлама жасақталуда

иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден

Қазақстанда мақта өндірушілерді қолдайтын жаңа бағдарлама жасақталуда. Осы мақсатта Ауыл шаруашылық министрлігінде арнайы жұмыс тобы құрылған. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрмановтың мақта өндірушілерімен кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиын барысында мақта өндірушілері кездесетін кедергілерді кеңінен айтты. Солардың бірі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2018 жылғы 12 шілдедегі №297 бұйрығына сәйкес мақта өңдеу зауыттарына тапсырылған шитті мақтаның 1 тоннасына 12 мың теңге субсидия төленеді. Бірақ, бүгінде тауарөндірушілерден жиналған шитті мақтаның 56%-ы мақта өңдеу зауыттарына, ал 46%-ы сатып алушы ұйымдарға (трейдерлік компаниялар) тапсырылған. Бұл ретте, сатып алушы ұйымдарға тапсырған агроқұрылымдардың шитті мақтасына субсидия төлеуге мүмкіндік жоқ. Аталмыш мәселенің мән-жайын жіті тыңдаған Рүстем Құрманов шешу жолын айтты.

«Шитті мақтаны тасымалдау қиын болғандықтан мақташылар амалсыздан трейдерлік ұйымдарға жүгінеді. Олар өз кезегінде шикізатты өңдеу үшін отандық мақта зауыттарына жеткізеді. Сондықтан субсидиялау Ережесіне өзгерістер енгіземіз, онда трейдерлерді де субсидиялауды қарастырамыз. Бұйрық қазірдің өзінде мемлекеттік органдарға жіберілді. Тез арада қабылдануын қадағалаймыз», - деді вице-министр.

Сондай-ақ, кездесуде Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп «Мақта саласын дамыту туралы» ҚР Заңының күшін жою, «Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы дайындаушы ұйымдарға есептелген қосылған құн салығы шегінде бюджетке төленген қосылған құн салығы сомасын субсидиялау» қағидасының 2-қосымшасында айқындалған тізімдегі 32 өнімнің қатарына мақта шаруашылығының өнімдерін қосу, Мемлекеттік қызметтерді дамыту және АӨК цифрландыру департаменті «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ-мен бірлесе отырып, сатып алынған ұжымдық шаруашылықтарды интеграциялау мәселесін пысықтау, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қарапайым заттардың экономикасы жобасы шеңберінде дайындау ұйымдарына кредит беру мүмкіндігін қарастыру сұрақтары қарастырылды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов мақта өндірушілері көтерген сұрақтар қараусыз қалмайтынын айтты. Сондай-ақ, қазірдің өзінде барлық мәселелер бойынша жұмыс басталып кеткенін және аталмыш сұрақтар ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың жіті бақылауында болатынын мәлімдеді.