​Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсету үшін арнайы орталықтар ашылады

0
2 586

2020 жылы мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғауға мемлекеттік бюджеттен 448 млрд теңге бөлінді


​Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсету үшін арнайы орталықтар ашылады

2021 жылы Қазақстанның 15 өңірінде мүгедектігі бар адамдарға түрлі көмек көрсету үшін «Ten Qogam» орталықтары ашылады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Серік Шәпкенов мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Министр өз сөзінде Қазақстанда 695 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұратынын атап өтті, оның ішінде 419,8 мыңы еңбекке қабілетті жаста (60%), 180,6 мыңы зейнеткерлік жаста (26%), 94,7 мыңы- 18 жасқа дейінгі бала (14%).

2020 жылы мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғауға мемлекеттік бюджеттен 448 млрд теңге бөлінді, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 10,4% - ға артық.

Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жұмыс тіршілік әрекетінің барлық бағыттарын қамтитын Ұлттық жоспар шеңберінде жүргізіледі. Құжат 7 бағыт бойынша 64 іс-шараны қамтиды: мүгедектіктің профилактикасы және оның алдын алу, білімге қолжетімділік, кедергісіз орта, экономикалық жұмыспен қамту, тиімді оңалту, әлеуметтік қызметтер және қоғамдық сананы жаңғырту.

«2020 жылдың қорытындысы бойынша 343,4 мыңнан астам мүгедектігі бар адам немесе мұқтаждардың 81%-ы қажетті техникалық құралдармен (бұдан әрі – ОТҚ) және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етілді. Бұл орындалуы мүгедектігі бар адамдардың қоғамға кірігу дәрежесіне байланысты болатын өте маңызды индикатор. ОТҚ қамтамасыз етуді жақсарту үшін өткен жылы Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды (aleumet.egov.kz), ол арқылы азаматтар өз бетінше, мемлекеттік сатып алуларсыз оңалтудың қажетті құралдары мен қызметтерін таңдап, сатып ала алады», – деді Серік Шапкенов.

2020 жылы порталда жеке іріктеуді талап етпейтін ОТҚ-ның 55 түрінің 24-ін сатып алу мүмкіндігі іске асырылды. 28,8 мың оңалтудың техникалық құралы берілді. 2021жылдың 1қаңтарынан бастап ОТҚ-ның 55 түрі қолжетімді болды (түрлерін ескергенде - 67). Сондай-ақ Портал арқылы жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының қызметтеріне және санаторлық-курорттық емделуге тапсырыс беруге болады.

Экономикалық белсенділік үшін мүмкіндіктер жасау мақсатында 2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға арналған кәсіптер атласы әзірленді. Бұл анықтамалық мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру кезінде, оның ішінде электрондық еңбек биржасы порталында жұмыс іздеуді жетілдіру үшін пайдаланылатын болады (enbek.kz).Ұсынылатын мамандықтар ҚР Ұлттық кәсіптер сыныптауышына негізделген. 12 мыңнан астам кәсіп зерделенді, нәтижесінде мүгедектіктің 1-тобы үшін 2,5 мыңға жуық кәсіп ұсынылды, 2 және 3-топтар үшін жеке-жеке 7 мыңға жуық кәсіп ұсынылды.

Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы әзірленетін болады.

«Ақмола, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында мүгедектігі бар балаларға арналған жаңа оңалту орталықтарын ашу көзделген. 15 өңірде «Ten Qogam»орталықтары ашылады. Нұр-Сұлтан мен Алматыда мұндай орталықтар қазірдің өзінде табысты жұмыс істеуде, оларда мүгедектігі бар адамдарға психологиялық және құқықтық көмек, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіледі. Орталықтарды ашу «Nur Otan»партиясының жаңа бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасында көзделген. Әкімдіктер аталған шаралардың орындалуын қамтамасыз етуі қажет», – деді Еңбекмині басшысы.

Серік Шәпкенов сондай-ақ қолжетімді ортаны қамтамасыз ету бөлігінде жыл сайын 4 мыңнан астам объектіні бейімдеу бойынша міндет қойылғанын хабарлады. Ағымдағы жылы бейімделген, стандарттарға сәйкес келетін объектілердің үлесі 20% - ды құрауға, ал 2025 жылы 100% - ғажетуге тиіс.

«2020 жылы Ұлттық жоспар аясында Министрлік мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен әлеуметтік қолдау алуын қамтамасыз етуге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Қазіргі уақытта заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр», – деп түйіндеді министр.